
Educational Testing Service (ETS, АҚШ) халықаралық ұйымының шақыруы бойынша Ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Абдрасилов Принстон саммитінің жұмысына қатысып, ұйым басшылығымен бірқатар кездесулер өткізді. Принстон саммиті ETS пен Орталық Азия елдерінің мемлекеттік органдары арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге бағытталды.
«Білім беру өлшемдері саласындағы мүмкіндіктер мен сын-қатерлер» тақырыбындағы панельдік пікірталас барысында ҰТО директоры Б.Абдрасилов Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеуді модернизациялау тәжірибесін таныстырды. Атап айтқанда, тестілеудің барлық кезеңдерін цифрландыру, аналитикалық құралдарды енгізу, емтихан рәсімдерінің ашықтығы мен объективтілігін арттыру бағытындағы жұмыстар туралы баяндады. Бағалаудың сенімділігі, академиялық адалдық және киберқауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Саммит қатысушыларына ҰТО-ның ETS (АҚШ), AQA (Ұлыбритания) және Жоғары экономика мектебінің Психометрика және білім берудегі өлшемдер орталығымен (РФ) бірлесіп жүзеге асырған ғылыми-зерттеу және талдамалық әзірлемелерінің нәтижелері таныстырылды. Сонымен қатар ҰБТ үдерістерін мониторингтеу және жетілдіру мақсатында қолданылатын Dashboard ақпараттық-талдамалық платформасының негізінде үлкен деректерді терең талдау мүмкіндіктері көрсетілді. Халықаралық сарапшылар тарапынан ҰТО-ның пәндік білімді тексеруден жоғары деңгейлі ойлау дағдыларын бағалауға көшу бағытындағы әдістемелік әзірлемелері ерекше қызығушылық тудырды.
ҰТО мен ETS арасындағы екіжақты ынтымақтастыққа арналған арнайы сессия аясында ETS атқарушы директоры Теран Браунмен бірлесіп, жоспарланып отырған ортақ жоба шеңберінде оқуға түсу емтихандарын жетілдірудің бірыңғай тұжырымдамасы ұсынылды. Талқылау барысында бейіндік пәндерді қайта жобалау, инновациялық бағалау модульдерін енгізу, сондай-ақ сыни ойлау, цифрлық және жасанды интеллект сауаттылығын бағалау құралдарын кеңейту перспективалары қарастырылды.
ETS бас директоры Амит Севакпен өткен кездесу барысында тараптар білім беру өлшемдері саласындағы әріптестікті одан әрі дамыту және тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады. ETS-пен ынтымақтастық ұлттық бағалау жүйесіне үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуге және оның сапасын арттыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді. ҰТО мен ETS арасындағы стратегиялық өзара іс-қимыл ұлттық тестілеу жүйесін жаңғыртуға, ғылыми-әдістемелік әлеуетті нығайтуға және елдің адами капиталын дамытуға бағытталған.
Сондай-ақ College Board ұйымының стратегиялық серіктестік пен өзара іс-қимыл жөніндегі аға директоры Брэнди Уотерспен жұмыс кездесуі өтті. Кездесу барысында Ұлттық тестілеу орталығы мен College Board арасында әріптестік қатынастар орнату жоспарлары белгіленіп, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларының негізгі бағыттары айқындалды. Сонымен қатар SAT және Advanced Placement (AP) емтихандарын қабылдау, олардың нәтижелерін ЕНТ балдарына конвертациялау мәселелері талқыланды.