
Халықаралық білім беру корпорациясында «Қысқы мектеп – 2026: университеттің ғылыми-білім беру экожүйесі: заманауи сын-қатерлер» тақырыбында ғалымдардың ғылыми-зерттеу құзыреттерін дамытуға бағытталған апталық іс-шара өтті. Аталған қысқы мектеп ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының жас ғалымдар мен жоғары оқу орындарының оқытушыларына арналған «QazScience» ғылыми-академиялық семинарымен интеграцияланды.
Семинар офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылып, Алматы қаласының жетекші жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамын, жас ғалымдар мен докторанттарды, сондай-ақ ҰҒА қызметкерлері мен Жас ғалымдар кеңесінің мүшелерін бір ортаға біріктірді. Семинардың негізгі спикері – ҚР Президентінің жанындағы ҰҒА-ның «Өмір және денсаулық туралы ғылымдар» орталығының жетекшісі, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Марлен Есіркепов «Заманауи университеттегі ғылыми-зерттеу және білім беру қызметінің конвергенциясы» тақырыбында баяндама жасады.
Сондай-ақ семинар аясында ҰҒА Жас ғалымдар кеңесінің мүшелері – Farabi Supercomputer Center директоры, Қазақстанның ғылымды коммерцияландыру одағының вице-президенті, PhD Әмірхан Темірбаев және стартапер-ғалым Диас Тастанбеков ғылыми инфрақұрылым, цифрлық шешімдер және зерттеу нәтижелерін нарыққа шығару мәселелері бойынша тәжірибелерімен бөлісті.
Ғылыми-академиялық семинар барысында «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ Басқарма төрағасы, PhD Асылхан Бибосинов және Erasmus+ ұлттық кеңсесінің координаторы Лаура Палуанова да баяндама жасады. Олар ғылыми-инновациялық дамудың өзекті бағыттарын, Қазақстандағы инновациялық циклдің жүйелік қиындықтарын, технологияларды коммерцияландыру тәжірибесін, сондай-ақ ғылыми жобаларды қаржыландыру, гранттық өтінімдер әзірлеу және халықаралық бағдарламаларға қатысу тетіктерін кеңінен қамтыды.
Қатысушылар ғылыми жобаларды құрылымдау, дәлелді ғылыми база қалыптастыру және халықаралық консорциумдар аясында бірлескен өтінімдер дайындау бойынша практикалық ұсынымдар алды. Жалпы «QazScience» семинары жас ғалымдар мен оқытушылар үшін ғылыми ойды дамытуға және кәсіби академиялық байланыстарды нығайтуға ықпал ететін маңызды тұрақты алаң екенін көрсетті.
Педагогикалық инновациялар, академиялық жазылым және «Цифрлық университет архитектурасы» тақырыптарын қамтыған бұл ауқымды іс-шара еліміздің әр өңіріндегі ғылыми мекемелер үшін де ашық болып, оқытушылар мен жас зерттеушілердің кәсіби тұрғыдан шыңдалуына, жаңа идеялар алмасуына және отандық ғылыми-білім беру экожүйесінің әлеуетін арттыруға қызмет ететін бірегей диалог алаңына айналды.