ALT University-де ҚХР-дың Қазақстандағы елшісімен кездесу өтті

ALT University-де ҚХР-дың Қазақстандағы елшісімен кездесу өтті

ALT University-де ҚХР-дың Қазақстандағы елшісімен кездесу өтті

М.Тынышпаев атындағы ALT университетінде Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлиннің қатысуымен кездесу өтті. Іс-шараға ҚХР Елшілігі мен Бас консулдығының өкілдері қатысты. Кездесу екі ел арасындағы академиялық және ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға арналды.

Кездесу барысында делегацияға ALT University-дің ғылыми-зерттеу инфрақұрылымына, сондай-ақ Қытай серіктестерімен бірлесіп құрылған зертханалар мен ғылыми кешендерге экскурсия ұйымдастырылды. Делегация инновациялық жабдықтармен және білім беру бағдарламаларымен танысып өтті. Бұл бастамалар жаңа буынның жоғары білікті мамандарын даярлауға, инженерлік, логистикалық және технологиялық құзыреттіліктерді дамытуға, сондай-ақ автоматтандыру мен цифрландыру саласындағы заманауи шешімдерді енгізуге бағытталған.

Қазақстандағы көлік-коммуникация және логистика саласы үшін инженерлік кадрларды даярлайтын жетекші жоғары оқу орындарының бірі ALT University Қытайдың жетекші университеттерімен белсенді ынтымақтастықта жұмыс істейді, 2023 жылы Үрімші кәсіби университетінің (UVU) қолдауымен «Жібек жолы» (Jing Shi мектебі)  ғылыми шеберханасы ашылған. Жоба – екі жылдық бірлескен жұмыстың нәтижесі, кадрларды даярлау, академиялық алмасу және инженерия, көлік, телекоммуникациялар мен ақпараттық технологиялар саласындағы зерттеу жобаларын жүзеге асыру бойынша келісім аясында іске асырылды. Оқу-зертханалық кешен заманауи ақпараттық ресурстармен жабдықталған және «Қытай тілі + кәсіби дағдылар» бағдарламасын іске асырады.

UVU және JingDong компаниясымен бірлесіп ALT University заманауи жабдықтар мен роботтандырылған жүйелері бар ғылыми-практикалық зертхана – «Smart Логистика» логистикалық хабын ашты. Мұнда студенттер қойма логистикасын басқару, цифрлық сауда және көлік процестерін меңгеріп, тағылымдамадан өтіп, нақты қолданбалы жобаларға қатыса алады.

2025 жылы ерекше назар «Лу Бань шеберханасы» жобасына аударылды, ол ALT University-ге 2025 жылғы тамызда Тяньцзинь қаласында өткен  ШЫҰ саммиті аясында берілді. Өнеркәсіптік робототехника бойынша үшінші шеберхана – жоғары технологиялық экономикалық секторларда жұмыс істеуге дайын мамандарды даярлайтын маңызды білім беру және ғылыми-зерттеу платформасы. Жоба Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы жоғары деңгейдегі келіссөздердің нәтижесінде жүзеге асырылды. Қазақстандағы үшінші «Лу Бань шеберханасын» құру және іске асыру жөніндегі ынтымақтастық келісіміне 2025 жылғы 31 қазанда өткен Қазақстанның стратегиялық серіктестер форумында қол қойылды.

2025 жылғы желтоқсанда ALT University FOTIMA (ҚХР) компаниясымен бірлесіп Intelligent Sensing Lab – заманауи сенсорлық технологиялар және автоматтандыру зертханасын ашты. Зертхана жаңа буын инженерлерін даярлауға және техникалық білім беруде ESG тәсілдерін дамытуға бағытталған.

Соңғы жылдары ALT University Қытайдың 20-дан астам жетекші университеттері мен кәсіпорындарымен ынтымақтастық келісімдерге отырып, серіктестіктің ауқымы мен стратегиялық маңыздылығын растады. Университет жобалары қолданбалы зерттеулер жүргізу, Индустрия 4.0 технологияларын енгізу, білім беру және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді, бұл университеттің бәсекеге қабілеттілігін арттырады және білім, ғылым және технология саласындағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын нығайтады.