Ғылымнан тәжірибеге дейін: Қазақстан AstraZeneca компаниясымен стратегиялық әріптестікті кеңейтіп жатыр

Ғылымнан тәжірибеге дейін: Қазақстан AstraZeneca компаниясымен стратегиялық әріптестікті кеңейтіп жатыр

Ғылымнан тәжірибеге дейін: Қазақстан AstraZeneca компаниясымен стратегиялық әріптестікті кеңейтіп жатыр

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бастаған еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ректорларынан құралған қазақстандық делегация AstraZeneca компаниясының ең ірі ғылыми-зерттеу және инновациялық орталығы – Discovery Centre (DISC) кешеніне барды. Кездесу барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен AstraZeneca Kazakhstan арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл құжат ғылым, зерттеу және инновациялар саласындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындайды.

Әріптестіктің жаңа кезеңі Қазақстанның ғылыми-білім беру және денсаулық сақтау экожүйесін трансформациялауға практикалық қолдау көрсетуді көздейді. Тараптар ғылыми құзыреттерді нығайтуға, медицинаға жоғары технологиялық шешімдерді енгізуге және елдің денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын арттыруға бағытталған жобаларды дамыту жөнінде уағдаласты.

Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары:

Нақты клиникалық тәжірибе деректері (RWE/RWD): ғылыми зерттеулерді қолдау, клиникалық шешімдер қабылдау және денсаулық сақтау саласында дәлелді базаны қалыптастыру үшін деректерді талдау құралдарын пайдалану және дамыту.

Қазақстанда Young Health Program бағдарламасын кеңейту: жастар арасында жұқпалы емес аурулардың алдын алуға, денсаулыққа жауапты көзқарасты қалыптастыруға және болашақ ұрпақтың денсаулығын нығайтуға бағытталған жобаларды іске қосу.

Тұрақты даму және экономиканы әртараптандыру: экология, «жасыл» технологиялар және орнықты тәжірибелер саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және әртараптандыру.

Ерте диагностика және денсаулық сақтау жүйесінің орнықтылығын күшейту: скрининг пен ауруларды ерте анықтаудың заманауи тәсілдерін енгізу, мамандарды даярлау және диагностикалық инфрақұрылымды дамыту.

Кездесу барысында AstraZeneca өкілдері DISC орталығында жаңа молекулалардың идеядан бастап нарыққа шығуға дейінгі жолы қалай қалыптасатынын көрсетті: зертханалардағы ғылыми жұмыстардан бастап, академиялық серіктестермен ынтымақтастыққа және клиникалық орталықтарда зерттеулерді ауқымдауға дейінгі үдеріс таныстырылды. Делегацияға компанияның жаһандық инвестициялық стратегиясы және ғылымды, цифрлық технологияларды және әріптестікті біріктіретін ашық инновациялық экожүйені қалыптастыру қағидаттары ұсынылды.

«AstraZeneca компаниясымен меморандумға қол қою Қазақстан үшін ғылым мен білім беруді интеграциялауда түбегейлі жаңа мүмкіндіктер ашады. Біз үшін тек іргелі зерттеулерді дамыту ғана емес, сонымен қатар озық технологиялар мен деректерді нақты клиникалық практикаға тиімді трансферттеу аса маңызды. Мұндай әріптестік орнықты ғылыми-инновациялық экожүйені қалыптастыруға, кадр даярлау сапасын арттыруға және еліміздің биомедицина мен жоғары технологиялық медицина саласындағы әлеуетін нығайтуға ықпал етеді», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

AstraZeneca компаниясы озық ғылымға тұрақты түрде инвестиция жасап келеді. Бүгінде компания портфелінде 191 зерттеу жобасы бар, олармен Кембриджде және әлемнің тағы тоғыз негізгі ғылыми хабында ғалымдар жұмыс істейді. Кембридждегі DISC орталығында түрлі елдерден келген 2000-нан астам ғалым еңбек етеді, бұл оны биомедицина саласындағы пәнаралық зерттеулер үшін ең қарқынды дамып келе жатқан алаңдардың біріне айналдырады.

«AstraZeneca Kazakhstan» компаниясының мемлекеттік органдармен жұмыс және сыртқы коммуникациялар жөніндегі директоры Арсен Насырханов: «AstraZeneca Қазақстанның ғылыми экожүйесін дамытуға жүйелі түрде қолдау көрсетіп келеді. Біздің ынтымақтастығымыз RWE/RWD бастамаларынан бастап жастар арасындағы профилактиканы нығайтуға және тұрақты дамуға дейін нақты қоғамдық әсері бар жобаларға бағытталған. Сараптамалық әлеуетті біріктіру еліміздің денсаулық сақтау жүйесі мен экономикасы үшін сұранысқа ие инновациялардың пайда болуын жеделдететініне сенімдіміз», – деді.