Ғылымға салынған инвестициялар: Қазақстанның технологиялық болашағын қалыптастырудағы ҚазҰУ тәжірибесі

Ғылымға салынған инвестициялар: Қазақстанның технологиялық болашағын қалыптастырудағы ҚазҰУ тәжірибесі

Ғылымға салынған инвестициялар: Қазақстанның технологиялық болашағын қалыптастырудағы ҚазҰУ тәжірибесі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне соңғы 5 жыл ішінде 110 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Бұл қаражат университеттің ғылыми-білім беру инфрақұрылымын жаңғыртуға, зерттеу әлеуетін күшейтуге және инновациялық дамудың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталды. Қаржыландыру көздері мемлекеттік гранттармен қатар ғылым мен білімді дамытуға мүдделі жеке серіктес компаниялардың инвестицияларын қамтыды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында тартылған қаржы нәтижесінде университет базасында 50-ден астам заманауи зертхана іске қосылды. Жаңартылған зертханалық база университеттің ғылыми орталықтарымен және өндірістік серіктестерімен тығыз байланыста жұмыс істей отырып, ғылыми идеялардың практикалық нәтижеге айналуына нақты жағдай жасай бастады. Бұл өзгерістердің бастауында Farabi Hub инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығы жоғары маңызға ие. Орталықты дамытуға 20,55 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып, ZTE технологиялық корпорациясымен, Францияның CNRS ғылыми ұйымымен және Қытайдың жетекші университеттерімен бірлескен халықаралық зерттеу орталықтары шоғырланды.

Farabi Hub аясында жүзеге асырылатын күрделі ғылыми жобалар терең талдау мен жоғары есептеуді талап етеді. Осы қажеттілікті өтеу мақсатында ҚазҰУ базасында cуперкомпьютер кластері қалыптасты. 23 миллион АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция есебінен іске қосылған есептеуіш жүйе әлемдегі 600 жетекші суперкомпьютердің қатарына енеді. Суперкомпьютер қазақ тіліне арналған үлкен тілдік модельдерді әзірлеуге, климаттық болжамдарды жетілдіруге және жасанды интеллект саласында студенттердің өз жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндік беріп отыр. Бұрын айлар бойы есептелетін күрделі модельдер бүгінде бірнеше сағат ішінде орындалатын деңгейге жетті.

Инженерлік және технологиялық кадрларды даярлау бағыты бойынша ҚазҰУ базасында «FARABI ROBOTICS» Индустрия 4.0 аясындағы өнеркәсіптік робототехника саласындағы инжинирингтік құзыреттілік орталығы құрылды. Дүниежүзілік банк гранты негізінде жобаға 1 миллион АҚШ доллары бөлінді. Орталықтың жұмысы әлемдік жетекші өндірушілердің бірі – KUKA компаниясының өнеркәсіптік роботтарына негізделген.

Сонымен қатар университет пен Қытайдың жоғары технологиялық Huibo Robotics компаниясының стратегиялық әріптестігі аясында «Цифрлық технологиялар және робототехника» халықаралық институты іске қосылды. Жоба құны 3,38 миллион АҚШ долларын құрайды. Қазіргі таңда орталықта 13 заманауи робот орнатылып, олар білім беру және қолданбалы ғылыми зерттеулерде пайдаланылады.

Экология, климаттық зерттеулер және табиғатты тиімді пайдалану саласындағы көпжылдық жүйелі жұмыстың жалғасы ретінде Тұрақты даму және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану ғылыми орталығы ашылды. Құрамына 10 зертхана кіретін орталықтың жобалары 7,57 млн АҚШ доллары көлемінде мегагранттар жеңіп алды. Сонымен қатар PolyU-KazNU Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығы 2024-2025 жылдары аумақтардың тұрақты дамуын, әлеуметтік үдерістер мен туристік қызметті зерттеуге бағытталған пәнаралық ғылыми жобалар жүзеге асырылды. Зерттеулер 1,01 млн доллар көлемінде ҚазҰУ мен Гонконг политехникалық университетінің бірлескен ғылыми топтары арқылы жүргізіледі.

2024 жылы ҚазҰУ базасында Қытай Ғылым академиясымен бірлескен «Қашықтықтан зондтау және қолдану технологиясы» зертханасы ашылды. Қытай Ғылым академиясының Шыңжаң экология және география институты тарапынан 1,95 миллион АҚШ доллары көлемінде грант бөлінді. Зертхана спутниктік және геокеңістіктік талдау әдістері арқылы климаттың өзгеруі, жердің тозуы, су тапшылығы сияқты өзекті экологиялық мәселелерді зерттеуге бағытталған.

Химия және материалтану бағытындағы ірі жобалардың бірі – «Farabi Chem Science» кластері. 6,5 миллион АҚШ долларын құрайтын кластер құрамына тоғыз ғылыми зертхана кіріп, экология, энергетика, дәрілік химия, мұнай химиясы және материалтану салаларында зерттеулер жүргізеді. Ғалымдар отқа төзімді жабындардан бастап, медициналық гидрогельдер мен таңғыштарға дейін жаңа өнімдер әзірлеп жатыр.

«Ғылым қоры» АҚ қолдауымен ҚазҰУ базасында құрылған «Гальваникалық қаптамалар» ғылыми-өндірістік орталығы да университеттің қолданбалы ғылымдағы жетекші бағыттарының бірі саналады. 1,99 млн АҚШ доллары көлеміндегі жоба аясында электропластиналық шеберхана, сапаны бақылау және технологиялық әзірлеу зертханалары, сондай-ақ шығармашылық өндірістік алаңдар жұмыс істейді.

Францияның жетекші ғылыми мекемесі CNRS-пен бірлесіп ашылған «ZooStan» Орталық Азияны зерттеу жөніндегі халықаралық ғылыми-зерттеу орталығына Франция үкіметі тарапынан 1,05 млн АҚШ доллары бөлінді. Орталық ғалымдары соңғы бір миллион жыл ішіндегі адам мен жануарлар арасындағы өзара байланыстарды зерттеу арқылы адамзат қоғамының тарихи дамуын зерделейді.

Сонымен қатар Ми институтын дамытуға 5,7 млн АҚШ доллары бөлініп, нейроғылым саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулерді жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік берді. Институт базасында когнитивтік және есептеу нейроғылымы, жасушалық және молекулалық нейроғылым, нейролингвистика мен мінез-құлық нейроғылымы бағыттары бойынша кешенді зерттеулер жүргізіледі.

Инновациялық инфрақұрылымды кеңейту аясында ҚазҰУ мен «Aerial Solutions» ЖШС арасындағы ынтымақтастық негізінде Ұшқышсыз авиацияны дамыту инновациялық орталығы іске қосылды. 13,8 млн АҚШ доллары көлеміндегі инвестиция есебінен отандық ұшқышсыз ұшу аппараттарының модельдерін әзірлеу, оқу-өндірістік зертханалар мен сынақ полигонын құру, дуалды білім беру және сертификаттау бағдарламаларын жүзеге асыру көзделіп отыр.

Соңғы бес жылда ҚазҰУ базасында іске қосылған бұл басты орталықтар мен зертханалар университеттің ғылыми-инновациялық экожүйесінің негізгі тірегін құрайды. Бұдан бөлек, университетте Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы, Қазақстан-АҚШ цитоматрицаны зерттеу орталығы, «BASF Mining Solutions» зертханасы, ZTE зертханасы және басқа да бірқатар салалық ғылыми алаңдар ашылып, табысты жұмыс істейді.