Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы археологиялық зерттеулер саласындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы археологиялық зерттеулер саласындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы археологиялық зерттеулер саласындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі

Бүгін Лондонда Bett Show UK 2026 білім беру технологияларының халықаралық көрмесі аясында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Лондон университеттік колледжінің (UCL) Археология институты арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. UCL Археология институты – археометаллургия және пәнаралық зерттеулер саласындағы әлемдегі жетекші ғылыми орталықтардың бірі.

Меморандумға ШҚТУ ректоры Сәуле Рахметуллина мен UCL Археология институтының директоры Кевин Макдональд қол қойды. Келісім екі ірі ғылыми жобаның аясында ұзақ мерзімді ғылыми ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Атап айтқанда, Еуропалық зерттеу кеңесі (European Research Council, ERC) қолдайтын және UCL базасында Милана Радивоевичтің жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан халықаралық DREAM жобасы, сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің қолдауымен ШҚТУ-да Евгений Водясовтың жетекшілігімен орындалып жатқан «Көне Еуразиялық металлургия жүйесіндегі Шығыс Қазақстанның қола кен орындары» атты қазақстандық жобасы.

Аталған екі жобаны Еуразиядағы көне металлургияның дамуына қосқан үлесін, трансөңірлік сауда желілерінің қалыптасуын және қола дәуіріндегі технологиялық жаңашылдықтарды кешенді түрде зерттеу мақсаты біріктіреді.

Қол қойылған меморандум бірлескен далалық және зертханалық зерттеулер жүргізуді, халықаралық ғылыми жарияланымдар дайындауды, тәжірибе алмасуды және ғылыми іс-шаралар ұйымдастыруды көздейді. Серіктестік аясында әлемдік археологиядағы ең қарқынды дамып келе жатқан ғылыми бағыттардың бірі саналатын археометаллургияны дамытуға ерекше назар аударылады.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл келісімді халықаралық ғылыми әріптестікті нығайтуға және қазақстандық зерттеулерді жаһандық ғылыми кеңістікке интеграциялауға бағытталған маңызды қадам ретінде қарастырады.