Торайғыров университетінде жас ғалымдарға арналған Қысқы мектеп өтті

Торайғыров университетінде жас ғалымдарға арналған Қысқы мектеп өтті

Торайғыров университетінде жас ғалымдарға арналған Қысқы мектеп өтті

Торайғыров университеті базасында жас ғалымдар мен жас оқытушыларға арналған Қысқы мектеп ұйымдастырылды. Қысқы мектептің мақсаты – жоғары білім беру жүйесіндегі жас оқытушылар мен зерттеушілер үшін кәсіби диалог орнату, заманауи ғылыми және академиялық трендтерді педагогикалық қызметте тиімді пайдалану, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру мүмкіндіктерін кеңейту.

Бағдарлама аясында «The First Steps: оқытушының құралдары, тәжірибесі және ресурстық жай-күйі» бағыты бойынша жас оқытушыларға арналған сессиялар өткізілді. Онда цифрлық педагогика, бағалау жүйелері, заманауи оқыту әдістемелері және кәсіби даму мәселелері қамтылды. Бағдарлама барысында ғылыми жарияланымдар, гранттық қаржыландыру, халықаралық бағдарламалар, зияткерлік меншік және ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру мәселелеріне арналған модульдер өтті.

Ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға арналған сессияда «Ғылым қоры» АҚ Инвестициялар және жаңа жобалар департаментінің директоры Айжан Жексембаева коммерцияландыруға арналған гранттық бағдарламалардың талаптарын түсіндіріп, ал PhD, салалық сарапшы Арын Орсариев Қазақстандағы технологияларды коммерцияландыру тәжірибесі, инвестиция тарту және бизнес-модельдерді қалыптастыру бағытындағы практикалық кейстермен бөлісті.

Сонымен қатар халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға бағытталған сессияларда Horizon Europe, Erasmus және өзге де бағдарламалар аясындағы мүмкіндіктер таныстырылып, Торайғыров университетінің еуропалық ғылыми кеңістікке интеграциялану бағытындағы жұмыстары атап өтілді.

Қысқы мектеп аясында Ұлттық зияткерлік меншік институты директорының орынбасары Айдын Артыкова және өкілдері Назифа Бактыбаева мен Саят Шидербеков, Clarivate компаниясының ТМД елдері бойынша ресми өкілі Инеш Кенжина, Informascope компаниясының Орталық Азия бойынша консультанты Рабига Хожамкул өз бағыттары бойынша тың ақпаратты бөлісті.

Қысқы мектеп қорытындысы бойынша қатысушылар ғылыми жобаларды әзірлеу, гранттық өтінімдер дайындау, зияткерлік меншікті қорғау және ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру бойынша практикалық дағдыларға ие болды. Аталған бастама жас ғалымдарды қолдауға және университет ғылымының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.