
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Alatau Rise жобасы аясында Корея Республикасында өткен кездесулердің қорытындысы бойынша Қазақстанда KAIST филиалын құру жобасын іске асыру мәселелеріне арналған жұмыс кеңесін өткізді. Кеңеске Alatau City Authority мемлекеттік қорының бас атқарушы директоры аппаратының кеңесшісі Елена Те, сондай-ақ KAIST Kazakhstan жобасының жетекшілері Дана Молдақұлова мен Данияр Ануарұлы қатысты.
Кеңес барысында KAIST Kazakhstan жобасын іске асырудың ағымдағы жай-күйі, корей тарапымен жүргізілген консультациялардың нәтижелері, негізгі жобалық құжаттаманы әзірлеу барысы, сондай-ақ білім алушылар контингентін қалыптастыру және білім беру процесін кезең-кезеңімен іске қосу мәселелері қаралды.
Қазіргі уақытта KAIST Kazakhstan жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) әзірлеудің қорытынды сатысында тұр. Құжатта жобаның негізгі академиялық, ғылыми және инфрақұрылымдық параметрлері жинақталған түрде көрсетілген. Атап айтқанда, білім беру бағдарламаларының мазмұны мен құрылымы, ғылыми-зерттеу қызметінің басым бағыттары, зертханалық және ғылыми жабдықтарға қажеттілік, сондай-ақ базалық инфрақұрылымдық және ұйымдастырушылық шешімдер қамтылған.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жобаны жүйелі түрде үйлестіруді жүзеге асырып, оның стратегиялық сүйемелденуін, халықаралық серіктестермен өзара іс-қимылды және болашақ KAIST кампусын еліміздің жоғары білім және ғылымның ұлттық жүйесіне интеграциялауды қамтамасыз етеді.
Атап өту керек, 2025 жылғы 22 желтоқсанда Корея Республикасында Alatau Rise жобасы аясында KAIST Президентімен және жоғары басшылығымен ресми жұмыс кездесуі өтті. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасында университет филиалын құру жобасын іске асырудың негізгі параметрлері бойынша қол жеткізілген келісімдерді растайтын хаттамаға қол қойылды.
Аталған кездесу барысында ТЭН нәтижелері ұсынылып, Алатау жаңа қаласын дамыту жоспарлары, сондай-ақ K-Park тұжырымдамасы жан-жақты таныстырылды. KAIST кампусын Алатау қаласында орналастырудың стратегиялық маңыздылығына, оны қалыптасып жатқан академиялық және технологиялық кластердің негізгі элементтерінің бірі ретінде қарастыруға ерекше назар аударылды.
KAIST басшылығы атқарылған жұмыстарға жоғары баға беріп, ТЭН дайындығының сапасын, тәсілдің жүйелілігі мен қабылданып жатқан қадамдардың бірізділігін атап өтті, сондай-ақ Алатау қаласында KAIST кампусын салу жобасын іске асыруға қолдау білдірді.
Талқылаулар қорытындысы бойынша KAIST басшылығы ТЭН әзірлеуді аяқтау және академиялық қызметті іске асыру мен негізгі кампусты жобалау кезеңіне көшу жөнінде шешім қабылдады.