Мемлекет басшысы ЮНЕСКО-мен Орталық Азия өңірлік гляциология орталығының мәртебесін қайта жалғастыру туралы келісімді ратификациялау туралы Заңға қол қойды

Мемлекет басшысы ЮНЕСКО-мен Орталық Азия өңірлік гляциология орталығының мәртебесін қайта жалғастыру туралы келісімді ратификациялау туралы Заңға қол қойды

Мемлекет басшысы ЮНЕСКО-мен Орталық Азия өңірлік гляциология орталығының мәртебесін қайта жалғастыру туралы келісімді ратификациялау туралы Заңға қол қойды

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы Қазақстанда ЮНЕСКО аясындағы 2-санатты орталық ретінде Орталық Азия өңірлік гляциология орталығының мәртебесін қайта жалғастыру туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Аталған Заңның қабылдануы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының халықаралық деңгейде танылған мәртебесін жаңғыртуды қамтамасыз етіп, оның қызметін алдағы сегіз жылдық кезеңде жалғастыру үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Бұл шешім Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында және ЮНЕСКО тарапынан жүргізілген Орталық қызметінің тәуелсіз кешенді бағалау нәтижелері бойынша қабылданды.

Орталық гляциология саласында ЮНЕСКО-ның қамқорлығындағы 2-санаттағы орталық мәртебесіне ие Орталық Азиядағы бірегей мамандандырылған ғылыми ұйым болып табылады. Оның қызметі Орталық Азияның трансшекаралық өзен алаптарындағы мұздықтарды, қар-мұз ресурстарын және ағынның қалыптасу процестерін жүйелі түрде зерттеуге бағытталған.

Орталық қызметі аясында мұздықтардың жай-күйі бойынша бірегей көпжылдық бақылау қатарлары қалыптастырылып, тұрақты түрде жүргізілуде. Атап айтқанда, жалпы ауданы шамамен 930 шаршы километрді құрайтын 2400-ден астам мұздық жөніндегі деректер қамтылған. Алынған ғылыми ақпарат су ресурстарындағы өзгерістерді ғылыми негізде талдау, болжамдар әзірлеу және су мен климаттық тұрақтылық саласындағы басқарушылық шешімдерді қабылдау үшін пайдаланылады.

Келісімді ратификациялау:

✔ гляциология саласындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің үздіксіздігін қамтамасыз етуге;

✔ су ресурстарын басқару саласындағы шешімдерді ғылыми сүйемелдеуді күшейтуге;

✔ халықаралық ғылыми ынтымақтастықты және қазақстандық ғалымдардың жаһандық зерттеу бастамаларына қатысуын кеңейтуге;

✔ халықаралық деңгейде мойындалған ұлттық гляциологиялық ғылыми мектепті сақтап, дамытуға мүмкіндік береді.

Орталық қызметінің нәтижелері мемлекеттік органдар үшін қолданбалы маңызға ие. Олар су баланстарын есептеу, ағын қалыптасуының ұзақ мерзімді үрдістерін талдау және су пайдалануды орта және ұзақ мерзімді жоспарлау үшін ғылыми деректерді әзірлеу барысында пайдаланылады. Зерттеу нәтижелері ұлттық және халықаралық ғылыми дерекқорларға енгізіліп, жаһандық климаттық бағалаулар шеңберінде қолданылады.

Келісімді іске асыру Қазақстан Республикасының стратегиялық мүдделеріне толық сәйкес келеді, еліміздің Орталық Азиядағы өңірлік ғылыми орталық ретіндегі рөлін күшейтеді және ғылым, орнықты даму мен табиғи ресурстарды ұтымды басқару саласындағы халықаралық міндеттемелерге бейілділігін растайды.