«Үздік ғылыми қызметкер» жыл сайынғы сыйлығының 2025 жылғы қорытындылары шығарылды. Конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша ғылыми-зерттеу институттарының, жоғары білім беру ұйымдарының және түрлі ұйымдардың ғылыми бөлімшелерінің атынан 50 ғалым лауреат атанды.
Сыйлық 2024 жылғы 1 шілдедегі № 103-VIII ҚРЗ «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тағайындалады және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі жүзеге асыратын ғалымдарды қолдаудың жүйелі шараларының бірі болып табылады. Мақсаты – ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғылыми қызметкерлерді ынталандыру және ғылыми-зерттеу қызметін қолдау.
2025 жылы конкурсқа жеті бағыт бойынша 358 өтінім келіп түсті: «Жаратылыстану ғылымдары», «Инжиниринг және технологиялар», «Медицина және денсаулық сақтау», «Әлеуметтік ғылымдар», «Гуманитарлық ғылымдар және өнер», «Ауыл шаруашылығы және ветеринария ғылымдары», «Әскери ғылымдар және ұлттық қауіпсіздік».
Конкурстық рәсімдер барысында апелляциялық комиссияға 53 өтініш келіп түсті. Барлық апелляциялар үміткерлердің ғылыми жетістіктерін бағалаудың сапалық және сандық көрсеткіштері негізінде белгіленген тәртіппен қаралды.
Республикалық конкурстық комиссияның жұмысы қорытындысы бойынша ғылымның отандық дамуына елеулі үлес қосқан 50 ғалымға «Үздік ғылыми қызметкер» 2025 жылғы сыйлығын беру туралы шешім қабылданды.