ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Астана қаласының тұрғындарымен кездесті

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Астана қаласының тұрғындарымен кездесті

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Астана қаласының тұрғындарымен кездесті

Астанада ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қаланың тұрғындарымен кездесу өткізді. Ведомство басшысы 2023-2029 жылдарға арналған жоғары білім мен ғылымды дамыту концепциясының жүзеге асырылу нәтижелерін таныстырды.

2025 жылы жоғары білім сапасын және қолжетімділігін арттыру жұмыстары жалғасты, сондай-ақ университеттік ортада интернационалдандыру деңгейі өсті. Қазақстан академиялық орталық ретінде дамып келеді. 2025 жылғы қыркүйекте Cardiff University (Ұлыбритания), Woosong University (Оңтүстік Корея), Anhalt University (Германия), Università Politecnica delle Marche (Италия), МГИМО (РФ) филиалдары өз жұмысын бастады. Биыл 93 232 білім гранты берілді, ал шәкіртақы мөлшері 2020 жылмен салыстырғанда екі есе артты. Кадрлық әлеуетті нығайту мақсатында оқытушыларға қолдау күшейтіліп, ұлттық университеттердегі профессорлық-оқытушылық құрамның жалақысы орташа есеппен 400 мың теңгеге дейін көтерілді. Халықаралық мойындау деңгейі де артты, атап айтсақ, Назарбаев Университеті Times Higher Education рейтингісінің топ-500 қатарына енді, ал QS WUR рейтингінде 21 қазақстандық университет көрсетілген.

Кездесудің келесі бөлімі технологиялық жаңғыртылуға арналды. Министрлік AI-Sana бағдарламасы арқылы білім беруде жасанды интеллект қолдануды кеңейтуде. Биыл іске қосылған дайындық кезеңінде 724 000 студент базалық ЖИ құзіреттерін игерді. Мемлекет басшысы AI-Sana бағдарламасын кезең-кезеңімен жүзеге асыру мәселесін пысықтауды тапсырды. Сондай-ақ ғылыми зерттеулерді жеделдету үшін 42 PFLOPS қуаттылыққа ие суперкомпьютері бар Академиялық кластер іске қосылды.

Ғылым саласында басымдық әлі де қолданбалы нәтижелер мен нақты сектормен байланыста. Министр әзірлемелерді коммерцияландыруға және жас зерттеушілерді қолдауға ерекше назар аударылғанын атап өтті. Министрлік қазақстандық ғылым мен ірі өнеркәсіптің басымдықтары арасындағы серіктестікті белсенді қолдайды. Мысал ретінде ол қазіргі уақытта ғалымдар мен өнеркәсіптік серіктестер қатысқан 13 ғылыми-технологиялық сессия өткізілгенін көрсетті. Министр тазалық деңгейі 99,5%-ды құрайтын рафинирленген селенді алған Satbayev University ғалымдарының жұмысына тоқталып өтті. Сондай-ақ жас ғалымдардың әлеуметтік мәртебесін нығайту мақсатында тұрғын үй бағдарламалары аясында алғаш рет 587 пәтер бөлінді.

Әлеуметтік бағыттағы шаралар аясында білімге қолжетімділікті болжауды жеңілдететін «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізіліп жатыр. Механизмге мемлекеттен бастапқы капитал (60 АЕК), мемлекеттік сыйлықақы (5-7%) және инвестициялық кіріс біріктіріліп, жинақ қалыптасып, отбасының қаржылық жүктемесін азайтады.

Қорытындылай келе, Саясат Нұрбек жоғары білім бүгінгі таңда ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық тұрақтылық факторы деп атай отырып, ал 2026 жылға міндет Қазақстанды жоғары білім және ғылым саласында аймақтық көшбасшы ретінде бекіту, барлық өңірлерден келген талантты жастарға ел шегінен шықпай-ақ әлемдік деңгейдегі диплом алуға мүмкіндік жасау екенін атап өтті.