
Бүгін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Астана қаласының тұрғындарымен кездесті. Осы жиын аясында ғылымды мемлекеттік қолдауға арналған салтанатты шара өтіп, ғалымдардың жетістіктері жоғары бағаланды.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес министр әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі Медеу Әбішевке «Құрмет» орденін табыстады. Сонымен қатар Президент тапсырмасын іске асыру шеңберінде 10 жас ғалымға пәтер сертификаттары салтанатты түрде берілді.
«Ғылымды және жас ғалымдарды қолдау – мемлекеттік саясаттың басымдығы. Бұл бағыт Мемлекет басшысының тапсырмалары мен Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Өткен жылдан бастап ғылыми ұйым қызметкерлерінің лауазымдық жалақылары артты, ғылыми тағылымдамаларға гранттар, мемлекеттік стипендиялар мен сыйлықақы, оның ішінде талантты жас ғалымдар үшін стипендия беріледі. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңның қабылдануы мен Президент Жарлығымен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің құрылуы саланың дамуына жүйелі серпін берді», – деді министр Саясат Нұрбек.
Президенттің 2024 жылғы 31 мамырда Ғылым ордасында жас ғалымдармен кездесуінде берген тапсырмасын орындау мақсатында ғалымдардың әлеуметтік мәртебесін көтеру және қолдау көрсету, сондай-ақ ғылымға жас кадрлардың келуін ынталандыру үшін Комиссия баспана беру үшін алғаш рет Астана қаласындағы ғылыми ұйымдар мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жас ғалымдарының тізімін айқындады.
«Жас ғалымдар – Қазақстанның инновациялық дамуы мен зияткерлік әлеуетінің негізі. Тұрақты ғылыми орта қалыптастыруда баспананың маңызды құрал екенін ескере отырып, мемлекет тарапынан әлеуметтік қолдау мәселесіне ерекше көңіл бөлініп жатыр. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде алғаш рет 587 жас ғалым баспанамен қамтылды», – деп атап өтті министр.
Оның ішінде 2023 жылғы 19 қазанда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Отбасы банк» АҚ арасында жас ғалымдарға 2023-2027 жылдарға арналған жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Қазіргі уақытта аталған бағдарлама бойынша 483 жас ғалым жеңілдікпен баспана алды. Ал 104 жас зерттеушіге Мемлекет басшысының тапсырмасымен өтеусіз негізде берілді.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл жұмысты кезең-кезеңімен жүргізетін болады. Жас ғалымдар санының артуы ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің дамуына оң әсер етеді.
«Жас ғалымдар үшін мұндай қолдау жай ғана баспана мәселесінің шешілуі емес, мемлекет тарапынан көрсетілген шынайы сенім мен назардың белгісі. Өмір сүру мен жұмыс істеуге тұрақты жағдай жасалғанда зерттеулерге толықтай көңіл бөлуге, жобаларды дамытуға және ұзақ мерзімді ғылыми нәтижелер туралы ойлауға мүмкіндік туады. Біз Мемлекет басшысына және Ғылым және жоғары білім министрлігіне ғылымды жүйелі түрде қолдағаны үшін шын жүректен алғыс айтамыз. Тұрғын үй сертификатын алу – ғылыми қызметті жалғастыруға және ел дамуына үлес қосуға үлкен уәждеме береді. Мұндай қолдау ертеңгі күнге деген сенімді нығайтып, кәсіби болашағымызды Қазақстанда қалыптастыруға деген құлшынысымызды арттырады», – деді жас ғалым.