
2025 жылғы 29 желтоқсанда бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған ашық диалог форматында кеңейтілген баспасөз кездесуі өтті. Брифинг барысында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрлері Гүлзат Ізбасарқызы Көбенова және Динара Ринатқызы Щеглова 2025 жылғы саланың жұмыс қорытындыларын ұсынды, сондай-ақ жоғары білім және ғылым салаларында Мемлекет басшысы қойған стратегиялық міндеттердің орындалу барысы туралы ақпарат берді. Басты назарда – жоғары білімге қолжетімділік, адами капиталды дамыту, жасанды интеллект және елдің ғылыми-техникалық әлеуетін нығайту мәселелері болды.
Вице-министр Гүлзат Ізбасарқызы жүргізіліп жатқан реформалардың жүйелік негізі ретінде 2023-2029 жылдарға арналған Жоғары білім және ғылымды дамыту концепциясын атады. Бұл құжат 21 мақсаттық көрсеткіш пен 144 іс-шараны қамтиды және білім сапасын қамтамасыз ету, ғылыми-техникалық дамуды арттыру және халықаралық бәсекеге қабілеттілікті күшейтуді басым бағыттар ретінде белгілейді.
2025 жылы елде 122 жоғары оқу орны жұмыс істейді, онда 724,1 мың студент, оның ішінде шамамен 299 мыңы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқиды. Жүйеде 45,5 мың оқытушы қызмет етеді. Студенттік контингенттің өсуі демографиялық тенденциялар мен жоғары білімге тұрақты қоғамдық сұраныспен байланысты.
2025-2026 оқу жылында 93 мыңнан астам грант бөлінді, сондай-ақ дифференцияланған гранттар мен жеңілдетілген білім беру несиелері енгізіледі. «Келешек» жинақтау жүйесі «Ұлттық қор – балаларға» механизмімен бірге маңызды жүйелік құрал ретінде іске асырылды.
Сондай-ақ жоғары білім жүйесінің студенттері мен қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлінді. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап бакалавр студенттерінің шәкіртақысы 52 372 теңгеге дейін көтеріліп, 2020 жылғы деңгейден екі есе артық болды; педагогикалық бағыттар бойынша – 84 мың теңге. Магистранттар үшін шәкіртақы 117 098 теңгеге, докторанттар үшін – 262 500 теңгеге жетті. Профессорлық-оқытушылық құрамның орташа жалақысы 350 мың теңгені, ұлттық университеттерде – 400 мың теңгеге дейін құрады.
Жоғары білім инфрақұрылымын дамытуға жеке инвесторларды тарту механизмдері кеңейтілді. Атап айтқанда, 2018 жылдан бастап елде жалпы сыйымдылығы 62 045 орынға 251 студенттік жатақхана пайдалануға берілді, бұл өңірлерде орын тапшылығын жабуға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда 8 757 орындық 26 жатақхана пайдалануға берілген, тағы 1 983 орынға арналған 5 жатақхананың құрылысы аяқталуға жақын.
Білім сапасын арттыру саласында «Мамандығым – болашағым» жобасы жүзеге асырылады. 20 өңірде тиісті жол карталары бекітілді, 91 жоғары оқу орны еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып 902 білім беру бағдарламасын әзірледі. Сонымен қатар студенттердің жеке білім беру траекторияларын кеңейтетін микроквалификациялар мен minor-бағдарламалар енгізіледі.
Жасанды интеллектіні дамыту жеке басымдық ретінде айқындалды.
«Жасанды интеллектіні дамыту – Мемлекет басшысы белгілеған басты бағыт. Біз оны білім беру жүйесінің нақты шешімдеріне айналдырып жатырмыз. ЖОО аралық жасанды интеллект стандарты қабылданды, 38 оқу бағдарламасы қолданбалы ЖИ, деректерді талдау, медицина мен өнеркәсіптегі ЖИ бойынша әзірленді. Магистратура мен докторантура бағдарламалары бойынша ЖИ дамып жатыр. Инфрақұрылым нығайтылып, соның ішінде SeoulTech-пен бірге Қызылордадағы Қорқыт Ата атындағы университет базасында ЖИ және информатика жоғары мектебі ашылды, Satbayev University базасында City University of Hong Kong-пен бірге екі дипломдық бағдарламалар іске қосылды, ЖИ орталықтары мен инженерлік орталықтар, оның ішінде Smart Driving Technologies Лу Бань шеберханасының базасында дамып жатыр», – деп атап өтті вице-министр Динара Ринатқызы.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен AI-Sana бағдарламасы іске асырылады, дайындық кезеңі 650 000 студентті қамтыды, бүгінде 572 мыңнан астам студент оқуды аяқтады.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде стратегиялық серіктестіктер желісі біртіндеп дамып келеді. Қазіргі уақытта Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Корея Республикасы, Франция, Германия, Италия, Польша, Түркия және Өзбекстаннан 33 филиалды қоса алғанда, жетекші шетелдік университеттермен 40 стратегиялық серіктестік орнатылған, бұл Қазақстанның аймақтық академиялық орталық мәртебесін бекітеді.
Ғылым саласында қаржыландыру артты, мәселен, ғылыми қызметкерлердің жалақысы көбейді, ғылыми атақтар үшін қосымша төлемдер кеңейтілді. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» және эндаумент-фондтар туралы заңдар қабылданып, бюджеттік емес қаражат тарту және ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру үшін жағдай жасалды.
«2025 жыл көрсеткендей, жоғары білім және ғылым жүйесі дербес шаралардан стратегиялық құжаттар, инфрақұрылымдық жобалар, әлеуметтік қолдау, практикалық бағдарланған бағдарламалар, халықаралық серіктестіктер және жасанды интеллект пен технологиялық күн тәртібін жедел дамыту арқылы басқарылатын трансформацияға өтіп келеді. Біз 2023-2029 жылдарға арналған Жоғары білім және ғылымды дамыту концепциясын іске асыруды жалғастырып, негізгі бағыттарды орындауды қамтамасыз етеміз», – деп атап өтті вице-министр Гүлзат Көбенова.
Іске асырылып жатқан шаралар студенттер, оқытушылар, ғалымдар мен олардың отбасыларының мүддесіне тікелей қатысты болғандықтан білім мен ғылым жүйесін қолжетімді, тұрақты және болашаққа бағытталған етіп қалыптастырады.
2026 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыра отырып, 2023-2029 жылдарға арналған Концепцияны іске асыруды білімге қолжетімділік, инфрақұрылым, ЖИ-қабілеттерді дамыту, ғылымды коммерцияландыру және цифрландыруға басымдық бере отырып жалғастырады, қоғаммен және БАҚ-пен ашық өзара әрекеттесуді қамтамасыз етеді.