
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің қатысуымен Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жөніндегі республикалық үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Іс-шара барысында Мемлекет басшысының әскери-патриоттық тәрбие саласындағы бастамаларын тиімді жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Ерлан Қарин желтоқсан айының басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы күштердегі, басқа да құрылымдардағы әскери және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөнінде жиын өткізгенін айтты. Оның қорытындысына сәйкес Президент заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, армиядағы тәрбие жұмысын жетілдіруге қатысты нақты тапсырмалар бергеніне назар аударды. Осыған байланысты Мемлекеттік кеңесші әскери-патриоттық тәрбие саласындағы негізгі басымдықтарды айқындады.
Жиында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек баяндама жасады. Министр өз сөзінде жоғары оқу орындарындағы әскери-патриоттық жұмысты ұйымдастыру мәселелеріне тоқталды. Ол әскери-патриоттық тәрбие жоғары білім беру жүйесіндегі тәрбие бағдарламаларының ажырамас бөлігі екенін атап өтіп, бұл бағыттағы идеологиялық және тәрбие жұмыстары «Еңбек адамы», «Толық адам», «Адал азамат», «Заң және тәртіп», «Қарызсыз қоғам» тұжырымдамаларын ілгерілету аясында жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Қазіргі таңда жоғары оқу орындарында 60 арнайы әскери-патриоттық клуб жұмыс істейді. 2025 жылы жоғары оқу орындары 500 мыңға жуық адамды қамтыған 600-ден астам іс-шара өткізді. Бүгінде 40 жоғары оқу орнының базасында офицерлер мен запастағы сержанттарды даярлау бағдарламалары бойынша білім беретін әскери кафедралар жұмыс істейді, олар 16 мыңнан астам студентті қамтып отыр. Сонымен қатар университеттер білім беру бағдарламаларына басқарылмайтын ұшу аппараттарын (дрондарды) басқару, әскери-өнеркәсіптік кешенді жасанды интеллект жүйелерімен интеграциялау сияқты заманауи компоненттерді енгізіп келеді.
Үйлестіру кеңесінің қорытындысы бойынша Ерлан Қарин мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ әскери-патриоттық тәрбие саласындағы жұмыс тәсілдерін жетілдіруге жауапкершілікпен қарау керек екенін ескертті.