Студенттерді біріктіретін шығармашылық орталық: Орал қаласында шеберлік орталығы ашылды

Студенттерді біріктіретін шығармашылық орталық: Орал қаласында шеберлік орталығы ашылды

Студенттерді біріктіретін шығармашылық орталық: Орал қаласында шеберлік орталығы ашылды

Бүгін М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде жаңа «Шығармашылық шеберлік орталығы» ашылды. ХІХ ғасырдың соңында салынған тарихи ғимарат – жергілікті маңызы бар тарих және сәулет ескерткіші.

1878 жылы Орынбор губерниясынан келген Вяхиревтер әулетінің үйі ретінде бой көтерген нысан бір ғасырдан астам уақыт бойы өңірдің білім беру және қоғамдық өмірімен тығыз байланысты. Мұнда 1913 жылдан бастап Орал мұғалімдер семинариясы жұмыс істеп, кейін мұғалімдер курстары, №5 орта мектеп, Мұғалімдерді жетілдіру институты орналасқан, ал Ұлы Отан соғысы жылдарында госпиталь ретінде пайдаланылған.

1932 жылы осы ғимараттағы педагогикалық құрылымдар негізінде бүгінгі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің іргесі қаланды. 2018 жылы университет қарамағына өтіп, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарынан кейін тарихи-мәдени және білім беру кеңістігі ретінде қайта жаңғыртылды. Соның нәтижесінде «Шығармашылық шеберлік орталығы» өз жұмысын бастады.

Қазіргі таңда орталықта оқыту әдістері мен технологиялары, өнер және дизайн теориясы, тоқыма және безендіру, зергерлік өнер, көркем керамика және мүсін, киім модельдеу, сурет, кескіндеме, станокты графика, дизайн негіздері бағыттары бойынша шеберханалар мен кабинеттер жұмыс істейді. Сондай-ақ компьютерлік сыныптар, декор кабинеті, балет залы, оқу театры, гримдеу кабинеттері студенттердің игілігіне берілген.

Аталған жаңа шығармашылық кеңістік студенттердің кәсіби және шығармашылық әлеуетін дамытуға, білім беру мен мәдени жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ өңірдің тарихи мұрасын сақтауға бағытталған маңызды алаңға айналмақ.