
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елдегі жоғары білім беру саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Бейжің тіл және мәдениет университетінің президенті Дуань Пэн ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.
Бұған дейін Мемлекет басшысы «Қазақстан – академиялық білім аймағы» стратегиялық серіктестер форумының аясында Дуань Пэнді қабылдаған болатын. Президент университеттің Астанадағы филиалының ашылуы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының жоғары тиімділігін айқын көрсететін жарқын мысалға айналғанын атап өтіп, оның гуманитарлық байланыстарды нығайтуға және екі ел арасындағы зияткерлік көпір қалыптастыруға ықпал етіп отырғанын айтты.
Қазіргі уақытта Қазақстанда жетекші шетелдік университеттердің филиалдары мен стратегиялық серіктестіктерінен құралған желі қалыптасып келеді. Олардың білім беру бағдарламаларының 85 пайызы жасанды интеллект, компьютерлік инженерия, киберқауіпсіздік, жаратылыстану және техникалық ғылымдар, ядролық физика және өзге де сұранысқа ие жоғары технологиялық бағыттарға бағдарланған. Осы тұрғыда жасанды интеллект технологияларын дамыту, ғылыми-білім беру саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту, сондай-ақ білікті қытайтанушы-лингвистерді даярлау ерекше маңызға ие.
Астана халықаралық университеті базасында Орталық Азиядағы қытай тілдік білім берудің алғашқы орталығы – Бейжің тіл және мәдениет университетінің (BLCU) филиалын ашу Қазақстан-Қытай білім беру ынтымақтастығын дамытудағы маңызды кезеңге айналып, филиал қызметінің табысты жүзеге асырылып жатқанын айқын дәлелдеді.