
Мемлекет басшысының Жапонияға ресми сапары аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бірқатар кездесулер өткізіп, ғылым және жоғары білім саласындағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдету мен кеңейтуге бағытталған келісімдерге қол қойды.
Қазіргі таңда Қазақстан мен Жапония арасындағы жоғары білім саласында өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарына студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамның академиялық ұтқырлығы, өзара түсіністік туралы меморандумдар жасасу, сондай-ақ бірлескен білім беру және ғылыми бастамаларды іске асыру кіреді.
Сапар аясындағы маңызды оқиғалардың бірі – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі саналатын Рицумейкан Азия-Тынық мұхиты университеті арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуы болды. Аталған құжат оқытушылар мен студенттер арасындағы өзара іс-қимылды кеңейтуді, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруды, ғылыми семинарлар мен конференциялар өткізуді, сондай-ақ ортақ мәдени іс-шараларды ұйымдастыруды көздейді.
Сонымен қатар 2026 жылы жоғары білім саласындағы біліктіліктерді тану жөніндегі Азия-Тынық мұхиты өңірлік конвенциясын ратификациялау рәсімін аяқтау жоспарланып отыр. Бұл қадам өңір елдері арасындағы академиялық ұтқырлықты кеңейтуге және дипломдарды өзара тануға қосымша мүмкіндіктер береді.
Кездесулер барысында Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің базасында БҰҰ-ның су ресурстары жөніндегі хабын ашудың маңыздылығы атап өтілді. Хабты құру су ресурстарын басқаруда ғылыми негізделген тәсілдерді дамытуға, инженерлер мен басқарушылардың жаңа буынын даярлауға, сондай-ақ ғылыми зерттеулер мен мемлекеттік саясаттың практикалық қажеттіліктері арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Бұл саладағы жапон университеттерімен және Жапонияда орналасқан БҰҰ құрылымдарымен ынтымақтастық бірлескен білім беру және зерттеу бағдарламаларын дамыту жолындағы маңызды қадам ретінде қарастырылады.
Сондай-ақ Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Hitachi High-Tech Europe GmbH компаниясы арасында қолданбалы зерттеулерді дамыту және құрылыс материалдарын талдау саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат Hitachi компаниясының Германия мен Жапониядағы инфрақұрылымын пайдалана отырып үлгілерді бағалауды, ЕҰУ оқытушыларының қатысуымен бірлескен ғылыми сараптаманы, сондай-ақ академиялық жарияланымдарды әзірлеуге қолдау көрсетуді қамтиды. Өз кезегінде университет зерттеу үлгілерін ұсынып, бағалау әдістемелерін әзірлеуге қатысады және Hitachi-дің аналитикалық құралдарын оқу орнының зертханаларына енгізу мүмкіндігін қарастырады.
Қол жеткізілген келісімдерді іске асыру Қазақстан мен Жапония арасындағы ғылыми-білім беру серіктестігін нығайтуға, академиялық ұтқырлықты кеңейтуге, бірлескен зерттеулерді ынталандыруға және жаһандық сын-қатерлерді шешуге бағытталған жоғары білікті кадрларды даярлауға үлес қосады.