
18-19 желтоқсан аралығында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде QarTech өңірлік инновациялық-индустриялық форумы өтті. Іс-шараға өнеркәсіп, жоғары оқу орын, ғылыми-зерттеу және даму институттары, мемлекеттік орган өкілдері мен жас зерттеушілер қатысты.
Форумның алғашқы күні Қарағанды техникалық университеті базасында өңірдің дамуының төрт басым бағыты бойынша кластерлік пікірталастар өтті: тау-кен металлургия кешені, көмірхимия және жаңа материалдар, Индустрия 4.0 және экология. Оған бейіндік бағыттағы оқытушылар мен студенттер қатысты. Сонымен қатар QarTech инкубаторының стартаптар көрмесі мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың нақты сұраныстарына бағытталған технологиялық стартаптардың Demo Day іс-шарасы ұйымдастырылды.
Екінші күні «Инновациялық синергия: индустрия – ғылым – мемлекет» стратегиялық сессиясында өнеркәсіп, ғылыми ұйымдар және мемлекеттік құрылымдар арасындағы нақты өзара әрекеттесу жолдары мен қолданбалы әзірлемелерді өңір экономикасына енгізу мәселелері талқыланды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің Стратегия және жобалау қызметі басқармасының басшысы Мира Тұрсымбаева университеттердің кадрларды даярлау, қолданбалы зерттеулер мен технологиялық шешімдерді дамыту, сондай-ақ стартаптар мен инновациялық бастамаларды қолдаудағы рөліне тоқталды. Қарағанды облысының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев форумды өнеркәсіп, ғылым және мемлекеттік құрылымдар арасындағы тиімді диалог алаңы ретінде сипаттап, оның практикалық бағытқа ие болып, өңір экономикасына нақты үлес қосатынын атап өтті.
Форум аясында QarTech технологиялық стартаптар инкубаторының және қолданбалы ғылыми-технологиялық әзірлемелер байқауының жеңімпаздары марапатталды. Іс-шара барысында инновацияларды мемлекеттік және институционалды қолдау, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру, технологиялық трансфер және зияткерлік меншік құқықтарын қорғау тақырыптарында салалық эксперттік интенсивтер өтті, сондай-ақ инновациялық әзірлемелер көрмесі ұйымдастырылды.
Қарағанды техникалық университетінің ректоры Сауле Сагинтаева форум университеттер мен өнеркәсіп арасындағы байланысты нығайту, тәжірибе алмасу, кадрлар даярлау және инновациялық шешімдерді өңір экономикасына енгізу үшін маңызды алаңға айналғанын айрықша атап өтті.
Форумға өңірдегі 80-нен аса кәсіпорын мен ЖОО өкілдері қатысты. Іс-шара университеттер, кәсіпорындар және мемлекеттік құрылымдар арасындағы тұрақты өзара іс-қимылды дамытуға, инновацияларды енгізуге және технологиялық-өнеркәсіптік дамудың негізгі бағыттарын талқылауға арналған алаңға айналды.