
Nazarbayev University ғылыми зерттеулердің сапасы мен нәтижелілігін ғана бағалайтын беделді Leiden University Ranking 2025 рейтингінде Қазақстан мен Орталық Азиядағы жетекші университет ретінде танылды.
Рейтингтің Open Edition санатында Biomеdical and Health Sciences бағыты бойынша NU әлемде 39-44 орын аралығына кіріп, Cornell University, King’s College London, University College London және University of California, Davis сынды жаһандық деңгейдегі университеттермен бір қатардан көрінді. Бұл көрсеткіш әлемдегі ең көп дәйексөз келтірілетін ғылыми еңбектердің үздік 10 пайызына кіретін жарияланымдар үлесіне негізделген.
NU-дың жоғары нәтижелері өзге салаларда да байқалды. Рейтингтің Traditional Edition нұсқасында университет әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар бағыты бойынша әлемде 199-орын, ал математика және компьютерлік ғылымдар саласында 483-орын алды. Сонымен қатар физика ғылымдары мен инженерлік бағыттар да рейтингке енді.
Leiden университеті әзірлеген бұл рейтинг әдіснамасының ашықтығы және деректерге сүйенуімен ерекшеленеді. Ол жас әрі жаңадан құрылған университеттер мен тарихы терең оқу орындарына тең мүмкіндік береді. Өзге көптеген халықаралық рейтингтерден айырмашылығы – беделге қатысты сауалнамалар мен оқыту көрсеткіштерін есепке алмай, тек ғылыми ықпал, халықаралық әріптестік, ашық қолжетімді жарияланымдар және авторлар құрамындағы гендерлік теңдікке мән береді.
Биыл рейтингтің Traditional Edition нұсқасына әлем бойынша 1500-ден астам, ал Open Edition нұсқасына шамамен 2800 университет енді. Осы ауқымда NU-дың жоғары көрсеткішке қол жеткізуі оның жетістігін айқындады.
Nazarbayev University президенті, профессор Вакар Ахмад:
«15 жылдық университет үшін барлық пәндік бағыттарымыздың осындай беделді рейтингке енуі – үлкен қуаныш. Бұл жетістік университеттің Қазақстан мен бүкіл өңір үшін әлемдік деңгейдегі зерттеу және инновация орталығына айналу жолындағы ұмтылысын дәлелдейді. Ғылыми көрсеткіштеріміз барлық негізгі индикаторлар бойынша тұрақты түрде өсіп келеді», – деді ол.
Сондай-ақ профессор Ахмад ғылыми әлеуетті одан әрі дамыту мақсатында университет 200 толық қаржыландырылатын PhD грантын жариялағанын айтты.
2025 жылғы қазан айында Nazarbayev University Times Higher Education World University Rankings рейтингінде бірден 100 сатыға жоғарылап, 401-500 аралығына енді. Университет Шанхай рейтингінде де үш пәндік бағыт бойынша ұсынылған. Осы үш негізгі халықаралық рейтингтің барлығында NU Орталық Азия мен Кавказ өңіріндегі көшбасшы университет мәртебесін сақтап отыр.