
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті дәстүрлі академиялық форматтан шығып, жаһандық ғылыми қауымдастықпен ықпалдасқан заманауи білім беру орталығына айналып келеді. Биылғы оқу жылының өзінде университет Литва, Түркия, Словакия, АҚШ және Польша елдерінен келген он шетелдік ғалымды қабылдады. Сондай-ақ университетте Оңтүстік Корея мен АҚШ-тан келген оқытушылар тұрақты негізде қызмет атқарады.
Baitursynuly University жоғары сұранысқа ие кәсіби бағыттар бойынша шетелдік жетекші жоғары оқу орындарымен белсенді ынтымақтастық орнатқан. Академиялық ұтқырлық бағдарламалары студенттерге халықаралық тәжірибе жинақтауға, тілдік құзыреттерін арттыруға және еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Ұлы Витаутас университетінің (Литва) профессоры, ауылдық аумақтарды дамыту саласындағы сарапшы Влада Витунске бірнеше жылдан бері ҚӨУ-мен тығыз әріптестік орнатып келеді. Профессор Қостанайға айналмалы экономиканы енгізу жобасы аясында келді.
Профессордың айтуынша, айналмалы экономика теориялық ұғым ғана емес, аймақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, ресурстарды тиімді пайдалануға және бәсекеге қабілеттілікті сақтауға бағытталған нақты әрі қолданыстағы құрал.
Сарапшы Қостанай облысындағы бірқатар ірі кәсіпорындарды аралап, ҚӨУ-нің экономика және құқық факультетінің оқытушыларымен және студенттерімен белсенді жұмыс жасады. Профессор бұл іссапар тәжірибе алмасумен қатар өңірдің экономикалық, экологиялық және әлеуметтік ахуалын жан-жақты зерттеуге мүмкіндік бергенін атап өтті.
Осы аптада шетелдік ғалым облыстағы ірі кәсіпорындар мен мемлекеттік орган өкілдерімен кездесіп, «Айналмалы экономика принциптерін өндірісте қолдану: бизнес шешімдерінің бағыттары, артықшылықтары және тәжірибелік мысалдары» тақырыбындағы дөңгелек үстелде негізгі баяндамашы болды. Презентация барысында профессор Еуропалық Одақтың Бірыңғай ауыл шаруашылығы саясаты аясындағы экосхемалар арқылы Литваның аграрлық секторына айналмалы экономика қағидаттарын енгізу тәжірибесіне тоқталды.
Кездесу ғылым, бизнес және білім беру салалары арасындағы тиімді диалог алаңына айналып, өңірдің тұрақты дамуына бағытталған практикалық шешімдер талқыланды. ҚӨУ студенттері мен профессор-оқытушылар құрамы да пікір алмасуға белсенді қатысты.
Baitursynuly University сапалы білім беру, ғылыми әлеуетті дамыту және тұрақты даму қағидаттарын басшылыққа ала отырып, халықаралық академиялық ынтымақтастықты жүйелі түрде кеңейтіп, жастарды жаһандық деңгейдегі кәсіби диалогқа тартуды жалғастырып жатыр.