Yessenov University-де AI-SANA жобасы аясында жаңа буын бағдарламалау мектебі ашылды

Yessenov University-де AI-SANA жобасы аясында жаңа буын бағдарламалау мектебі ашылды

Yessenov University-де AI-SANA жобасы аясында жаңа буын бағдарламалау мектебі ашылды

AI-SANA – Yessenov University-де жүзеге асырылып жатқан жасанды интеллект саласындағы стратегиялық маңызы бар білім беру және инновациялық жоба. Бүгінде бұл бастама университеттің жасанды интеллект технологияларын дамытуға, озық білім енгізуге және әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған флагмандық платформасына айналды.

AI-SANA жобасы шеңберінде Yessenov University базасында Францияда 01Edu платформасына сүйенген, École 42 моделіндегі жаңа буын бағдарламалау мектебі ашылды. Бұл мектеп дәстүрлі оқытушысыз, студенттердің өзара бірін-бірі оқытуына (peer-to-peer learning) негізделген инновациялық педагогикалық тәсілмен жұмыс істейді. Екі жылға арналған қарқынды оқу бағдарламасы аясында студенттер 17 бағдарламалау тілін меңгеріп, 800-ден астам практикалық жобаны жүзеге асырады және жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, блокчейн, ойын жасау секілді алты негізгі бағыттың бірінде терең маманданады.

Көпсатылы әрі жоғары бәсекелі іріктеу нәтижесінде 280 үміткердің ішінен 90 студент таңдалып алынды. Олар қыркүйек айынан бастап аталған бағдарламалау мектебінде білім алуға кірісті.

Білім беру мүмкіндіктерінің кеңеюіне және технологиялық инфрақұрылымның дамуына байланысты университетте «Жасанды интеллект және компьютерлік ғылымдар» факультеті құрылды. Факультет ақпараттық жүйелер, есептеуіш техника және бағдарламалық қамтамасыз ету, автоматтандыру және басқару бағыттары бойынша академиялық бағдарламаларды іске асырады.

Бағдарлама қатысушыларының бірі – компьютерлік ғылымдар және жасанды интеллект факультетінің 3-курс студенті Әділхан Нұрбек.

«Мен компьютерлік ғылымдар және жасанды интеллект факультетінің 3-курс студентімін. Piscine іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, үздік 90 студенттің қатарына ендім. Бағдарламаның соңғы кезеңінде жасанды интеллект бағытын таңдауды жоспарлап отырмын. Болашақта Alem AI және Higgsfield AI сынды жобалардан шабыт алып, әлемге танымал жеке AI жобамды іске қосуды мақсат етемін», – деді Әділхан.

Бағдарламаны толық аяқтаған әрбір студент жетекші әлемдік IT компанияларының халықаралық дерекқорына автоматты түрде енгізіледі. Бұл түлектерге жаһандық технологиялар нарығында табысты еңбек етуге кең мүмкіндік береді.

Yessenov University жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы ұлттық экожүйені дамытуға үлес қоса отырып, Қазақстанда және өңірде жоғары білікті мамандарды даярлауды жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан жетекші жоғары оқу орындарының бірі.