
ҚР жоғары оқу орындарының өкілдері ҚХР жетекші университеттеріне жұмыс сапарымен барды. Кездесу аясында Ualikhanov University халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Жайлагүл Сағындықова және Satbayev University халықаралық ынтымақтастық және стратегиялық даму жөніндегі бірінші проректоры Самғат Ермекбаев Dalian Polytechnic University және Beijing University of Chinese Medicine университеттерінің басшылығымен ресми кездесулер өткізді.
Dalian Polytechnic University алаңында өткен кездесуде тараптар 2026 жылдан бастап инженерия және тағам өнеркәсібі бағыттары бойынша қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске қосу туралы келісімге келді.
Ал Beijing University of Chinese Medicine университетімен жүргізілген келіссөздер барысында Ualikhanov University Жоғары медицина мектебі бағдарламасы аясында профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттердің академиялық ұтқырлығы, қос дипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеу сияқты басым бағыттары бойынша пікір алмасты.
Айта кетсек, Dalian Polytechnic University – өңірдегі жетекші мемлекеттік техникалық жоғары оқу орындарының бірі. Университетте 20 000-нан астам студент білім алады және әлемнің 100-ден астам университетімен серіктестік байланыс орнатқан. Оқу орны инженерлік бағыттар, жеңіл және тағам өнеркәсібі, тағамтану, тоқыма және дизайн салалары бойынша маманданған, ғылыми-зерттеу жобаларына және өндірістік кәсіпорындармен ынтымақтастыққа белсенді қатысады.
Beijing University of Chinese Medicine – Қытайдағы дәстүрлі қытай медицинасы саласындағы жетекші профильдік университеттердің бірі. Университет QS World University Rankings 2026 рейтингінде 1201-1400 аралығында, QS Asia University Rankings рейтингінде 441-450 орындарында орналасқан, сондай-ақ дәстүрлі қытай медицинасы бойынша пәндік рейтингтерде Қытай мен Азияның алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының қатарына кіреді.
Жаңа бірлескен білім беру бағдарламаларын іске қосу Ualikhanov University студенттеріне халықаралық академиялық тәжірибе алуға, білім беру және кәсіби құзыреттерін кеңейтуге мүмкіндік береді.