Астанада түркі халықтарының тарихын, тілдерін, әдебиеті мен мәдениетін зерттеуге бағытталған халықаралық ғылыми ұйым – Түркі академиясының 15 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпустың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ түркология саласындағы жетекші ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Құттықтау сөзінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Түркі академиясының 15 жылдығы түркі әлемінің ғылыми, мәдени және рухани ынтымақтастығының нығаюын айқындайтын маңызды кезең екенін атап өтіп, Академияның түркі елдерінің ортақ гуманитарлық және зияткерлік кеңістігін қалыптастыруға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
Түркі академиясы 2010 жылы Қазақстан Республикасының бастамасымен ресми түрде құрылды. 2022 жылы Түркі академиясы толыққанды халықаралық ұйым ретінде қызметін бастады. Бүгінде Академияның мүшелері – Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан және Түркия, ал Венгрия мен Өзбекстан бақылаушы мәртебесіне ие.
Түркі академиясының қызметінің мақсаты – түркі тілдерін, әдебиеті мен мәдениетін сақтау, дамыту және дәріптеуге бағытталған түркология саласындағы ғылыми зерттеулерді үйлестіру. Академияның миссиясы – ғылым мен білім беру саласында түркі әлемінің интеграциясына ықпал ету.
Мерейтойлық іс-шара барысында Түркі академиясының өткен жылдардағы қызметінің қорытындылары шығарылып, алдағы ғылыми және білім беру саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары айқындалды.