Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2023 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің базасында Ұлыбританияның жетекші техникалық университеті Heriot-Watt University халықаралық кампусы ашылды. Қазіргі таңда университеттің негізгі оқу-зертханалық корпусының құрылысы белсенді түрде жүргізіліп жатыр.
Бүгін Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы стратегиялық әріптестік аясында оқу-зертханалық корпустың салтанатты тақтасын ашу рәсімі өтті. Шараға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, Heriot-Watt University вице-канцлері Ричард Уильямс, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің басқарма төрағасы - ректоры Лаура Қарабасова қатысты.
Жаңа оқу-зертханалық корпус заманауи білім беру инфрақұрылымын қалыптастыруға, ғылыми-зерттеу әлеуетін кеңейтуге және инновациялық академиялық ортаны дамытуға бағытталған. Ғимарат үш қабатты, жалпы ауданы 5007,5 м², ал жер учаскесінің көлемі 4,25 гектар, барлығы 1000 оқу орны қарастырылған. Ғимарат жобасы халықаралық стандарттарға сәйкес жүзеге асырылып, заманауи құрылыс технологиялары қолданылады.
Хериот-Уатт университетінің Ақтөбедегі кампусы Institution of Engineering and Technology (UK) тарапынан аккредиттелген «Электр энергетикасы», Energy Institute және Institute of Materials, Minerals & Mining (UK) тарапынан аккредиттелген «Компьютерлік инженерия», The British Computer Society, Chartered Institute for IT (UK) тарапынан аккредиттелген «Мұнай инженериясы және энергия менеджменті» бағыттары бойынша білім береді. Дәрістерді Шотландия, Дубай, Малайзиядан келген жоғары білікті оқытушылар мен халықаралық жоғары оқу орындарының түлектері жүргізеді.
Қазіргі таңда кампуста 518 студент білім алады. Олардың қатарында Қазақстанның әр өңірінен, соның ішінде республикалық маңызы бар қалалардан, ауылдық жерлерден (35%), көрші мемлекеттерден (Өзбекстан, Ресей) және алыс шетелден (Ауғанстан, Пәкістан) келген студенттер бар. Ауғанстаннан және Пәкістаннан келген шетелдік студенттер Bolashak StudyInn гранты бойынша оқиды.
Хериот-Уатт университетінің артықшылығы – студенттердің GoGlobal академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Дубай, Малайзия және Эдинбургтағы кампустарда бір семестр білім алуға мүмкіндігі бар. 2024-2025 оқу жылында 12 білім алушы Малайзияда, 4 білім алушы Эдинбургта оқып келсе, 2025-2026 оқу жылының бірінші жартыжылдығында Малайзияда 14 студент білім алып жатыр.
Сонымен қатар заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған инновациялық кампуста білім алу арқылы әлемдік Хериот-Уатт түлектері қауымдастығының мүшесі болуға және халықаралық компанияларда тәжірибе алмасып, кәсіби біліктілікті арттыруға мүмкіндік жасалған.
Хериот-Уатт университетінің Ақтөбедегі кампусының түлегі оқуды бітірген соң британдық және мемлекеттік үлгідегі қос диплом алады. Бұл оның бәсекеге қабілетті кадр ретінде еңбек нарығындағы рөлін айшықтайды.