ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫН АРАЛАДЫ

ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫН АРАЛАДЫ

ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫН АРАЛАДЫ

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мәскеу қаласындағы бірқатар жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарына барды.

Жұмыс сапары аясында министр алдымен Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технология университетін аралады. Университет басшылығы оқу орнының инфрақұрылымын, ғылыми зертханаларын және білім беру бағдарламаларын таныстырды.

Мемлекет басшысының елімізде үздік шетелдік ЖОО филиалдарын ашу туралы тапсырмасын орындау аясында Тараз қаласында Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технология университетінің филиалы ашылғаны атап өтілді. Ол химия саласы үшін инженер-технолог мамандарын даярлау және халықаралық білім беру ынтымақтастығын дамыту мақсатында құрылды. Жоба Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекетаралық әріптестік аясында М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті және өндірістік серіктес «Қазфосфат» ЖШС-пен бірлесіп жүзеге асырылады.

Министр ТМД елдері арасында алғаш рет «2+1+1» форматындағы желілік білім беру моделінің «Химиялық инженерия және процестер» бағыты бойынша енгізілгенін атап өтті. Бұл модель бойынша 2021-2023 жылдары студенттер Дулати университетінде (Тараз қ.) білім алып, 2023-2024 жылдары оқу Д.И.Менделеев атындағы РХТУ-де (Мәскеу қ.) жалғасып, 2024-2025 жылдары «Қазфосфат» ЖШС-де (Тараз қ.) өндірістік тәжірибеден өтті. Аталған модель академиялық дайындықты, халықаралық тәжірибені және өндірістік практиканы бір жүйеге интеграциялауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Саясат Нұрбек Сколково ғылым және технологиялар институтына (Сколтех) да барды. 2011 жылы Массачусетс технологиялық институтының (MIT) қатысуымен құрылған бұл инновациялық зерттеу университеті «Сколково» инновациялық орталығында орналасқан және жасанды интеллект, биотехнология, энергетика, ғарыш технологиялары, фотоника, кванттық есептеулер және материалтану бағыттары бойынша мамандар даярлауға маманданған.

Кездесу барысында министр «Фаблаб және шеберхана» ортақ пайдаланудағы орталығының, Фотоника және фотондық технологиялар орталығының, Энергетикалық технологиялар орталығының жұмысы және Жасанды интеллект орталығының әзірлемелерімен танысты.

Сапар аясында Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу техникалық университеті мен Сколтех арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ институттың жетекшілері – ректор, РФ Ғылым академиясының академигі Александр Кулешов, стратегиялық әріптестік жөніндегі вице-президент Алексей Ситниковпен кездесу өтті.

Жұмыс сапарының соңында министр И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетіне барды. Аталған ЖОО-ның филиалы Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті базасында табысты жұмыс істеп келеді, бұл Қазақстанның мұнай-газ саласына білікті кадрлар даярлауды кеңейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қазақстандық делегация МИФИ Ұлттық зерттеу ядролық университетіне барып, ондағы шағын термоядролық зерттеу қондырғысының жұмысы және университеттің ядролық технологиялар саласындағы озық әзірлемелерімен танысты.