
2025 жылғы 11-12 желтоқсанда Алматы қаласында Қазақстан жас ғалымдарының II Халықаралық конгресі өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ұйымдастыруымен, ЮНЕСКО-ның «Сенім, өзгерістер және ертеңгі күн: 2050 жылға қажет ғылым» тақырыбына арналып өткізілді. Пленарлық отырыс «Ғылым ордасында» ұйымдастырылса, секциялық мәжілістер мен мастер-кластар қаланың бес жетекші жоғары оқу орнында өтті. Конгреске 1 000-нан астам жас зерттеуші, 24 елден келген 80-нен астам шетелдік ғалым, ғылыми диаспора өкілдері, академиктер, депутаттар мен ғылыми ұйымдар басшылары қатысты.
Конгресс қатысушыларына Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин құттықтау жолдап, мемлекет саясатының басты басымдығы – ғылым екенін атап өтті. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жас ғалымдарды қолдау шаралары кеңейіп жатқанын, соның ішінде қаржыландырудың артуы, тағылымдамалар бағдарламалары мен әлеуметтік қолдаудың күшеюі жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ еліміздегі зерттеушілердің жартысына жуығын 40 жасқа дейінгі ғалымдар құрайтынын, ал Конгресс жастар ғылымын дамытудағы маңызды алаңға айналғанын атап өтті.
Конгресс жұмысының назарын аудартқан маңызды баяндамалардың бірі – ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың сөзі болды. Министр «ғылым мектептен басталады» деп, мектептерде зерттеу ортасын қалыптастыру, STEM-зертханаларды дамыту, олимпиадалық және жобалық қозғалысты кеңейту, сондай-ақ ҚР ҰҒА-мен бірлесіп дарынды оқушыларды қолдау шараларын таныстырды. Сөз соңында жас ғалымдарды мектеп пен өңірлердегі ғылыми-ағартушылық жұмыста белсенді болуға шақырды.
Конгрестің бағдарламалық баяндамасын ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Ақылбек Күрішбаев жасады. Академик мемлекет басшысына ғылым жолындағы жастарды қолдағаны үшін алғыс білдіре отырып, Академияның жүйелі олқылықтарды жоюға, университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарын күшейтуге бағытталған сараптамалық жұмыс моделін таныстырды. Сонымен қатар форсайт-зерттеулер нәтижесінде әзірленген 220 ғылыми-техникалық мәселе мен 65 ғылыми-техникалық тапсырма (ҒТТ) ұсынылып, олардың гранттық және бағдарламалы-нысаналы қаржыландыру конкурстарына негіз болатыны айтылды.
Жаңа бастамалар қатарында – AI SilkNet форсайт және предиктивті аналитика орталығы, кеңістік-уақыттық жасанды интеллект зертханасы және отандық DeepBas моделі таныстырылды. Академия PhD даярлау сапасын арттыру, қымбат зертханалық құрал-жабдықтарға қолжетімділікті кеңейту және «Күшті өңірлік ғылым – күшті өңір» бастамасы аясында өңірлік ғылымды қолдау шараларын да ұсынды. Академия президенті Жас ғалымдар кеңесінің рөлін атап, ұзақ мерзімді жастар ғылыми саясатының негізі ретінде «Ғылым жастары» тұжырымдамасын таныстырды.
Пленарлық сессияда шетелдік және отандық ғалымдар ғылымның болашағы және жаһандық трансформациялардағы жастардың рөлі туралы пікірлерімен бөлісті. АҚШ, Еуропа және Азия елдерінің өкілдері ғылымдағы пәнаралық интеграцияның, жасанды интеллектіні зерттеу үдерістеріне енгізудің, халықаралық консорциумдарды дамытудың және жас зерттеушілердің жаһандық бастамаларға қатысуының маңызын атап өтті. АҚШ Ұлттық ғылым академияларының өкілдері биомедицинадағы үлкен деректерді басқару бойынша бірлескен жобаларды таныстырып, қазақстандық зерттеушілердің халықаралық бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктерін көрсетті. Қазақстандық ғалымдар ғылыми инфрақұрылымды нығайтудың, зерттеу мектептерін дамытудың, құрал-жабдықтарға қолжетімділікті кеңейтудің және ғылыми диаспораны тарту мен қайтарудың өзектілігін атап өтті.
Конгресс секциялары заманауи ғылымның негізгі бағыттарын қамтыды: жаратылыстану ғылымдары, ғарыш, жасанды интеллект, агробиоресурстар, биомедицина, экология, білім беру және қоғамдық даму. Сонымен қатар мастер-кластар, воркшоптар, грант және жарияланымдар бойынша кеңестер, жас ғалымдардың инновациялық жобаларының көрмесі өтті.
Конгресс қорытындысы бойынша жас ғалымдар Президент жариялаған ғылымды дамыту бағытын қолдап, «Ғылым жастары» тұжырымдамасын іске асырудың маңызын атап өтті, ҚР ҰҒА әзірлеген ҒТТ-ны ғылыми қаржыландыру конкурстарының негізіне айналдыруды, PhD даярлау жүйесін жетілдіруді, құрал-жабдыққа қолжетімділікті кеңейтуді және пәнаралық зерттеулерді дамытуды ұсынды. Конгресс материалдары негізінде инфографикалық рефераттар жинағы әзірленіп, ҚР ҰҒА сайтына орналастырылады.
2026 жылы ҚР Ұлттық ғылым академиясының 80 жылдығына орай, Жас ғалымдардың III Халықаралық конгресін өткізу жоспарлануда. Онда қабылданған шешімдердің іске асырылу барысы талданады және «2050 жылға қажет ғылым» жаңа күн тәртібі айқындалады.