
2025 жылдың 11 желтоқсанда Almaty Management University-де (AlmaU) Цифрлық технология және экономика мектебінде AlmaU AI Lab Жасанды интеллект орталығы ресми түрде ашылды. Жаңа алаң білім беру, ғылым, өнеркәсіп және кәсіпкерлікті біріктіруді мақсат етеді.
Университет жай ғана технологияны енгізумен шектелмей, жасанды интеллекттің қоғамға, экономикаға және қаланың дамуына қызмет ететін жаңа көзқарас ретінде қалыптастыруды мақсат етті. AlmaU бұл бағытты Абайдың «Tolyq Adam» философиясына негізделген «Tolyq AI» тұжырымдамасына айналдырады – этика, адам және қоғамдық мағына негізінде дамитын жасанды интеллект моделі. Бұл тұжырымдама Абайдың «Толық адам» іліміндегі тұтастық қағидасына сүйенеді.
«Жасанда интеллект қуатты қозғаушы күш, бірақ ол бағыт көрсететін компас емес. Бағытты әлі де адам айқындайды. Бізді ЖИ адамдарды алмастырады деген қорқыныш емес, роботша жұмыс істейтін адамдар алаңдатады. AlmaU орындаушыларды емес, шығармашыл тұлғаларды дайындайды», – деді AlmaU-дың негізін қалаушысы және президенті Асылбек Қожахметов құттықтау сөзінде.
Жаңа Орталықтың алғашқы міндеті – білім беруді жаңарту және ғылыми-зерттеу базасын нығайту. Бүгінде AlmaU оқу бағдарламаларына профессор Тимур Бакибаев пен Қуаныш Әбешев әзірлеген Oqulabs және Delicatest AI платформаларын енгізді. Бұл платформалар күрделі тапсырмаларды тексеруді автоматтандырады, студенттердің әрекетін талдап, адал емес әрекеттерді анықтайды және академиялық көрсеткіштер бойынша объективті аналитика ұсынады.
Орталықтың ғылыми базасы мақсатты және гранттық қаржыландыру жобалары аясында қалыптастырылған, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласын технологиялық диверсификация және цифрлық трансформацияға бағытталған бағдарламалары бар. Осы жобалардың нәтижесінде AlmaU Labs ASUS және ZERDE Business Solutions компанияларының екі мини-суперкомпьютерімен жабдықталды.
Екінші маңызды міндет – мемлекеттік сектор және нақты экономиканың сұраныстарымен жұмыс істеу. Алғашқы пилоттық жоба «Қостанай минералдары» АҚ-мен бірлесе жүзеге асырылып жатыр. Команда руданың ылғалдылық мөлшерін болжауға арналған жасанды интеллект моделі әзірледі, ол сынақтарда айтарлықтай экономикалық тиімділік пен өндіріс процестерін оңтайландыру әлеуетін көрсетті. AlmaU Labs сонымен қатар көлік, қоршаған орта, қауіпсіз қала ортасын құру және ресурстарды басқару бағыттарында да шешімдер әзірлеуге дайын.
«Бұл орталық Алматы үшін практикалық шешімдер әзірлеуге зор әлеуеті бар. Келесі жылы біз AlmaU университетімен бірге қалалық ортаны жақсартуға бағытталған бірнеше практикалық шешімдерді әзірлеуді жоспарлап отырмыз, әсіресе жасанды интеллект саласындағы стартаптарды дамытуға айрықша назар аударамыз», – деп атап өтті Алматы қаласының цифрлық даму департаментінің басшысы Олжас Жанабек.
Үшінші бағыт – кәсіпкерлікті дамыту. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген студенттер өздерінің AI-жобаларын құрып, стартап-жарыстарға қатысып, акселерациялық бағдарламалардан өтіп, серіктестердің деректеріне және қаржыландыруға қол жеткізе алады, сондай-ақ компаниялар мен мемлекеттік органдарға өз шешімдерін ұсына алады.
Іс-шара барысында AlmaU мен Almaty HUB, Алматы қаласы әкімдігі, Teachers Lab, Tech People Community арасында меморандумдарға қол қойылды. Сонымен қатар «AI in Education» тақырыбында панельдік пікірталас өтті. Қатысушылар ЖИ-ді этикалық қолдану, білім беру процестерінің цифрлануы, мамандарды дайындау және болашақ білім жүйесін қалыптастырудағы халықаралық стандарттардың рөлі туралы талқылады.
AlmaU AI Lab-тың ашылуы Қазақстандағы білім беру, ғылыми зерттеу, мемлекеттік сектор және кәсіпкерлік экожүйесін дамытуға бағытталған ауқымды серпін болып табылады. Бұл бастама еліміздің цифрлық трансформациясын жеделдетіп, халықаралық стандарттарға сай жаңа білім кеңістігін қалыптастыруға өз үлесін қосады.