
Хабар арнасының 30 жылдығына орай бастау алған «Азамат» интеллектуалды бағдарламасы өз жалғасын тауып, екінші маусымын көрерменге ұсынады. Екінші маусымға еліміздің 32 университетінен 32 команда, яғни 64 спикер қатысады деп жоспарланып отыр. Осы орайда жаңа маусымға іріктеу кезеңдері еліміз бойынша басталып кетті. 2025-2026 жылғы желтоқсан-қаңтар айларында Қазақстанның бес өңіріндегі ірі жоғары оқу орындары базасында өңірлік іріктеу өткізіледі.
Алғашқы өңірлік іріктеу Астана қаласында өтті. Орталық алаң ретінде Astana IT University таңдалып, Астана және Қарағанды қалаларынан, сондай-ақ Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарынан 100-ге жуық студент қатысты. Іріктеу барысында қатысушылардың ойды жеткізу мәдениеті, аргументациясы, жалпы эрудициясы, азаматтық ұстанымы мен көшбасшылық әлеуеті бағаланды.
Астана іріктеуіне қатысқан М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенті Мейрамбек Талғатұлы өз әсерімен бөлісті:
«Азамат» теледебатын алғаш YouTube-тан көрдім. Тәжірибелі спикерлердің ой деңгейі мен талдауы маған ерекше әсер қалдырды. Түрлі республикалық турнирлерге қатысып жүргендіктен бұл бағдарламаға қатысу – көптен бергі арманым еді. Менің ойымша, дебат – жай жарыс емес, үлкен бір философия. Ол адамға өзін танытып, жаңа мүмкіндіктер ашады. Қоғам алдында еркін сөйлеу, пікірді дәлелмен жеткізу – азаматтық мәдениеттің маңызды бөлігі», – деді ол.
Бағдарлама талаптарына сәйкес бұл кезеңде қатысушылар идеяның анықтығы, статистика мен зерттеулерді қолдану, сөйлеу мәнері, сөзді жеткізу шеберлігі, уақытты тиімді пайдалану қабілеті бойынша жарысқа түсті. Блиц-сұрақтар кезеңінде үміткерлер саясат, экономика, тарих, мәдениет және жаһандық үрдіс бағыттары бойынша өз білімін көрсетті. Сонымен қатар ұйымдастырушылар студенттердің жеке жобалары, азаматтық белсенділігі, лидерлік тәжірибесі мен құндылықтарын қамтитын портфолиосын қарады.
Қазір өңірлік іріктеу турнирлері жалғасып жатыр. 13-14 желтоқсан күндері Ақтөбе қаласында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының студенттері қатысатын іріктеу өтеді. 10-11 қаңтарда Шымкент қаласында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде Шымкент, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарының іріктеуі ұйымдастырылады. 17-18 қаңтарда Алматы қаласында Нархоз университетінде Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстарының, ал 24 қаңтарда Павлодар қаласында Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының студенттері бақ сынайтын болады.