
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттік «Шаңырақ» театры «Халықтық театр» атағын иеленді. Бұл студенттік театрдың он бес жылдық тарихы бар және ол университетте өнер мен мәдениетті дамытуға елеулі үлес қосып келеді.
«Шаңырақ» театрының басты мақсаты – өнер арқылы жастардың өмірге құштарлығын арттырып, адамгершілік құндылықтарды ояту, халықтың жүрегіне жол табатын сапалы қойылымдар ұсыну. Театр репертуарында отандық шетелдік авторлардың шығармалары бар. Қ.Жүнісовтің «Ғашықтар хикаясы», М.Байжиевтің «Тіл табысқандар», Ә.Оразбековтың «Бір түп алма ағашы», М.Ладоның «Болмаған оқиға», М.Шахановтың «Танакөз», Ж.Жұматтың «Мұңмен алысқан адам» драмасы (ағылшын тілінде), С.Жүністовтің «Жаралы гүлдер» сияқты танымал қойылымдармен қатар «Махаббат қызық мол жылдар», «Тамаша айым – тамызым», «Ғасыр дерті», «Үміт» секілді көркем дүниелер де бар. Труппа мүшелері республикалық және аймақтық көркемсөз байқауларында да үздік нәтиже көрсетіп жүр.
«Халық театры» атағы театрдың, ұжымның әрі жеке әртістердің беделін, мүмкіндігін және кәсіби өсуін айтарлықтай арттырады. Толық кәсіби театрға бір қадам жақындатады. Атақ – тек құжат ретінде емес, ұжымның еңбегі бағаланғанының белгісі, бұл актерлер мен режиссерлерге жаңа серпін, жаңа деңгей береді. Шығармашылыққа жаңа жол ашады. Ең бастысы, театрдың кәсібилік деңгейі мемлекет тарапынан мойындалуы. Демек, қала көлемінде ғана емес, республикалық деңгейде де танымалдығы артады», – дейді театр режиссері Бағдат Әшім.
ЕҰУ-дың әлеуметтік және азаматтық даму департаментінің директоры Жамбыл Тілептің айтуынша, театрдың атауы да терең мәнге ие, «шаңырақ» – қазақ үшін қастерлі ұғым.
«Өнерге құштар жастар осы шаңырақтың уығындай бірігіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолында еңбек етуді мақсат еткен», – деді ол.
Ұжым қалалық, республикалық, халықаралық театр фестивальдерінде жүлделі орындарды иеленіп жүр. «Адамдық борышың...» республикалық студенттік театр фестивалінде ІІ орын (Семей), «Сахна және студент» республикалық студенттік театр фестивалінде ІІІ орын (Алматы), «Sea. Sun. Festival» халықаралық байқауында І орын (Льорет де Мар, Испания), «Dubai Grand Festival» халықаралық байқауында «Бас жүлде» (Дубай, БАӘ), «Каспиийский бриз» ІІІ халықаралық тәуелсіз театрлардың байқау-фестивалінде «Бас жүлде» (Баку, Әзербайжан) сынды жетістіктері бар.