Абай облысының кадрлық қажеттілік картасы жасалады

Абай облысының кадрлық қажеттілік картасы жасалады

Абай облысының кадрлық қажеттілік картасы жасалады

Бүгін Шәкәрім университетінде Абай облысының кадрлық қажеттілігінің өңірлік картасын әзірлеуге арналған форсайт-сессия өтті. Бұл маңызды басқосу Мемлекет басшысының «Жаңа кәсіптер мен дағдылар атласын әзірлеу» жөніндегі тапсырмасына және «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында берілген міндеттерге сай ұйымдастырылып отыр. Іс-шараның негізгі мақсаты – өңірдің еңбек нарығындағы нақты сұранысты анықтап, кадр даярлау жүйесін жаңа экономикалық талаптарға бейімдеу.

Форсайт-сессия барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек кәсіби кадрларды даярлаудың тиімді жүйесін қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында адами капиталды дамыту, білім беру жүйесін жаңғырту және кәсіптік білімнің практикалық бағытын күшейтуді негізгі міндет ретінде белгілеген болатын. Осыған орай 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл кадрлық саясат мәселелерінің ел экономикасының тұрақты дамуы үшін өзекті екенін көрсетеді», – деді министр өз сөзінде.

Сондай-ақ ол 2022 жылдан бері «Мамандығым – болашағым» жобасы аясында 24 саланы қамтитын 9 өңірлік карта әзірленгенін, 100 мыңнан астам оқушы кәсіби бағдарлау диагностикасынан өткенін, 290 білім беру бағдарламасы пысықталғанын жеткізді. Бұл бастамалар білім беру мен еңбек нарығы арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге арналады.

Shakarim University-дің стратегия және әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Асқар Қасымов елімізде 9 өңір бойынша жаңа кәсіптер атласы дайындалғанын баяндады. Ол қазіргі цифрландыру дәуірінде барлық мамандықтардың жаңғыратынын, жаңа дағдыларды талап ететінін тілге тиек етіп:

«Біз өңірге қажет жаңа мамандықтар картасын әзірлейтін боламыз. Кадр даярлау жүйесі заман өзгерісіне ілесуі тиіс», – деді.

Форсайт-сессия жиынында Абай облысы білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Вилена Жакупбаева өңірлік кадрлық қажеттілік картасын әзірлеудің маңызына тоқталды. Ол аталған карта білім беру ұйымдарына жаңа бағдар беріп, жұмыс берушілердің сұранысын нақты айқындауға мүмкіндік туғызатынын айтты.

Ал Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы «Мамандығым – болашағым» кеңсесінің басшысы Олжас Сәкенов жобаның мәні мен міндеттерін жан-жақты түсіндірді. Оның айтуынша, жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласын дайындау өңірлер арасындағы экономикалық теңгерімсіздікті азайтуға, еңбек нарығы мен білім беру туралы ақпаратқа қолжетімділікті жақсартуға, аймақтардағы еңбек өнімділігі мен халық табысын арттыруға бағытталған.

Сессияға қатысушылар Абай облысының экономикалық құрылымындағы негізгі салалар бойынша трендтерді, қауіптер мен мүмкіндіктерді талқылады. Қатысушылар өңірде сұранысы артып келе жатқан жаңа кәсіптер мен түрленген мамандықтарды айқындап, келешекке қажетті кадр саясатының жобасын қалыптастырады.

Форсайт-сессия – өңірдің еңбек нарығына серпін беріп, болашақ мамандарды даярлауға жаңа бағдар ұсынатын маңызды іс-шара. Іс-шара қорытындысы ретінде Абай облысының өңірлік кадрлық қажеттілігінің нақты картасы әзірленеді. Бұл карта облыстың экономикалық және әлеуметтік даму стратегиясын ғылыми негізбен қамтамасыз етіп, білім беру ұйымдары, кәсіпорындар мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы байланысты нығайтады.