
Шәкәрім университетінде 6-8 желтоқсан аралығында AI-Sana ұлттық бағдарламасы аясында «AI-Sana Shakarim Solveathon: AI&Agriculture-2025» атты технологиялық солватон өтті. Бұл – жасанды интеллект негізіндегі цифрлық және агротехнологиялық шешімдерді әзірлеуге бағытталған ауқымды іс-шаралардың бірі.
AI-Sana Shakarim Solveathon – студенттер, жас ғалымдар, зерттеушілер мен стартап-командаларға нақты аграрлық сектордың мәселелеріне қысқа мерзім ішінде тиімді және практикалық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретін инновациялық марафон. Солватонның басты мақсаты – жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, Қазақстанның ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жаңа жобалар мен өнімдер әзірлеу.
Іс-шара ғылым, білім және бизнес арасындағы байланысты тереңдетуді, өңірлік агросектордың тұрақты дамуына жастардың технологиялық әлеуетін тартуды көздейді. Бұл – жаңа буын мамандарының шығармашылық қабілетін шыңдап, агросаланы цифрландыруға тың серпін беретін алаң.
Іс-шараның ресми ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова аграрлық саланы технологияландыру – ел дамуының стратегиялық басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Абай облысы әкімінің орынбасары Думан Оспанов бұл бастаманың өңір экономикасын әртараптандыруға, агросекторды жаңа технологиялық деңгейге көтеруге зор ықпал ететінін айтып, жергілікті биліктің үздік шешімдерді қолдауға дайын екендігін жеткізді.
Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын еске сала отырып:
«Аграрлық міндеттерді тек дәстүрлі тәсілдермен шешу мүмкін емес. Бізге жасанды интеллект сияқты жаңа технологиялар қажет. Бүгінгі солватон – Президенттің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асырудың бірегей алаңы», – деді.
Ректор ауыл шаруашылығында үлкен деректерді талдау мен ЖИ жүйелерін енгізу арқылы ресурстарды үнемдеу, өнімділікті бірнеше есе арттыру мүмкіндігіне тоқталды.
Еліміздегі ірі агроөнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдері саналатын «Qazaq-astyq group» бас директоры Максот Культуркменов, «ZhanAssyl» ЖШС директоры Бағлан Данабеков, «Eurasia AgroSemey» ЖШС өкілі Сағит Исламбек ауыл шаруашылығындағы автоматтандыру үрдісі, смарт-фермерлік жүйелердің болашағы және өндірістегі жасанды интеллект алгоритмдерінің рөлі жөнінде пікірлерімен бөлісті.
Елімізде алғаш рет өткізіліп отырған «AI-Sana Shakarim Solveathon: AI&Agriculture-2025» еліміздің 8 жоғары оқу орнының командаларын біріктірді. Қатысушылар үш күн бойы нақты міндеттерді шешуге арналған прототиптер жасап, ауыл шаруашылығын болашаққа бастайтын жаңа өнімдер әзірледі. Командалар осы солватонда өз шаруашылығындағы мәселелерді ортаға салған кәсіпорындардың проблемаларын шешуге септігін тигізетін ЖИ бағытындағы жобалар жасап, комиссия алдында қорғады.
Сонымен І орын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің командасы ие болды. ІІ орынды Шәкәрім университеті, Әлихан Бөкейхан университеті және Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің бірлескен командасы еншілесе, ІІІ орынға Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің командасы лайық деп танылды.
Бұл солватон аграрлық саладағы нақты мәселелерді шешуге бағытталған жасанды интеллект қолданбаларының мүмкіндігін айқындаған іс-шара болды. Қатысушы командалар жаңа идеялар ұсынып қана қоймай, олардың өндірісте қолдануға жарамдылығын дәлелдей алды. Жеңімпаз деп танылған жобалар серіктес кәсіпорындардың жұмыс үдерістерін оңтайландыруға, шығындарды азайтуға және өнімділікті арттыруға үлес қоспақ.
«AI-Sana Shakarim Solveathon: AI&Agriculture-2025» агротехнология мен жасанды интеллект интеграциясының жаңа кезеңін бастап, еліміздің жас зерттеушілері мен әзірлеушілерін инновациялық шешімдер жасауға жігерлeндірді. Бұл бастама алдағы уақытта агросаланың цифрлық трансформациясына серпін беретін тиімді платформалардың біріне айналады деп сенеміз.