
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінде министр Саясат Нұрбектің Қазақстандағы Таиланд Корольдігінің Төтенше және Өкілетті Елшісі Пияпин Нийомреркспен кездесуі өтті. Кездесу барысында жоғары білім, академиялық мобильдік және шетелдік студенттерді тарту саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды.
Министр Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Қазақстанның Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея және Еуропа елдерінің жетекші университеттерін біріктіретін халықаралық білім орталығын жүйелі түрде қалыптастырып жатқанын атап өтті. Қазіргі таңда елімізде халықаралық стандарттар бойынша білім бағдарламаларын жүзеге асыратын шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары табысты жұмыс істеп отыр, сондай-ақ заманауи академиялық және зерттеу инфрақұрылымы құрылады.
Кездесу барысында Қазақстанда білім алуға Таиландтан студенттерді тарту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Қазақстан университеттері сапалы білім, қолжетімді және ыңғайлы оқу және тұру жағдайларын, сондай-ақ ағылшын тіліндегі кең ауқымды бағдарламаларды ұсына алатыны атап өтілді. Сонымен қатар Қазақстан жоғары оқу орындарының дипломдары Азияның бірнеше елінде мойындалатыны, бұл түлектерге қосымша мансаптық мүмкіндіктер ашатыны ерекше көрсетілді.
Жеке атап өтілген тақырып – шетелдік студенттерді қолдауға арналған мемлекеттік механизм. Қазақстан жыл сайын шетелдік студенттерге оқу, тұру және басқа да шығыстарды толық қамтииын 500-ден астам грант ұсынады. Бұл бастама – халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтудің маңызды құралы.
Сондай-ақ тараптар Таиландта «Study in Kazakhstan» форматы бойынша білім көрмелерін өткізу перспективаларын талқылады. Бұл көрмелерде Қазақстан университеттері өз бағдарламаларын, ғылыми жетістіктерін және түсу шарттарын таныстыруға мүмкіндік алады. Мұндай іс-шаралар екі ел университеттері арасындағы академиялық байланыстарды және тікелей қатынастарды кеңейту үшін тиімді алаң болатыны атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар студенттер мен оқытушылар алмасуын, бірлескен білім бағдарламалары мен ғылыми жобаларды дамытуға өзара қызығушылықтарын білдірді. Қол жеткізілген келісімдер Қазақстан мен Таиланд арасындағы жоғары білім және ғылым саласындағы серіктестікті нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатыны ерекше атап өтілді.