Лондон қаласында өткен QS Reimagine Education жаһандық форумында Қазақстанның кадрлар даярлау жүйесін цифрлық трансформациялау және оған ЖИ енгізу жөніндегі тәжірибесі талқыланды. Бұл алаң – білім беру инновацияларының әлемдегі жетекші орталықтарының бірі. 2025 жылғы форумның негізгі тақырыбы – жасанды интеллектінің артып келе жатқан ықпалын қарастыру болды.
Университет жетекшілері, EdTech эксперттері мен QS сарапшылары жаңа технологиялар білім беруді жеделдететінін, бірақ сонымен бірге жаһандық алшақтықты тереңдету қаупін тудыратынын атап өтті.
Осы тұрғыда сарапшылар Қазақстанның жоғары білім мен ғылым жүйесіне озық ЖИ құралдарын енгізу үлгісіне ерекше қызығушылық танытты. Мұнда ел деңгейінде жүздеген мың студентті қамтитын бірқатар жобалар іске асырылып жатыр. Тұрақты даму және студенттердің таңдауы тақырыбына арналған панельдік сессия барысында Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев:
«Бізге әлемнің үздік университеттерімен қатар даму үшін жаңа мүмкіндіктерді батыл түрде пайдалану керек. Университеттер тек білім беріп қана қоймай, бәріміз үшін тұрақты болашақ қалыптастыру жолындағы өзгерістердің қозғаушы күшіне айналуы керек», – деді.