
Бүгін, 5 желтоқсан күні, Парижде (Франция) Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 16-отырысы өтті. Отырыс барысында Satbayev University француздық Total энергетикалық компаниясымен және Лотарингия университетімен үшжақты келісімге қол қойды.
Келісімнің мәні – Satbayev University базасында TotalEnergies Renewables Kazakhstan компаниясының өндірістік қажеттіліктеріне арналған білім беру бағдарламасын ашу. Аталған компания Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын «Мирный» энергия паркінің құрылысын жүзеге асырады.
Құжатқа қазақстандық тараптан Satbayev University Халықаралық ынтымақтастық және стратегиялық даму жөніндегі бірінші проректоры Самғат Ермекбаев, француз тарапынан Лотарингия университетінің техникалық факультетінің деканы Annie Dary-Mourot және TotalEnergies Renewables Kazakhstan компаниясының бас директоры Thierry Plaisant қол қойды.
Келісім аясында Satbayev University 2026 жылдан бастап TotalEnergies тапсырысы бойынша жыл сайын 14 студентті оқытуды бастайды. Студенттер алғашқы 3 жылды Алматыда, ал 4-курсты Францияның Метц қаласындағы Лотарингия университеті кампусында оқиды және француз энергетикалық кәсіпорындарында өндірістік тәжірибеден өтеді. Оқу аяқталған соң болашақ инженерлер Қазақстандағы ең ірі жел электр станциясы — «Мирный» ЖЭС-тегі жел генераторларын қызмет көрсету үшін TotalEnergies компаниясына жұмысқа орналасады. Станция шамамен 1 миллион қазақстандықты, оның ішінде шалғай ауылдық аймақтарды энергиямен қамтамасыз етуге қабілетті.
Еске салайық, бұған дейін Satbayev University ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Еуропадағы ядролық технологиялар бойынша ең ірі ғылыми кластер – Grenoble INP – Phelma, UGA филиалын ашу туралы келісімге қол қойған болатын. Бұл орталық ядролық инженерия, жаңартылатын энергетика (Nuclear Engineering, Renewable Engineering) және озық материалдар (Advanced Material Studies) салалары бойынша жоғары білікті мамандар даярлауды көздейді. Бағдарлама аясында студенттер Францияның атом электр станцияларында тәжірибеден өтіп, болашақ отандық энергетикалық нысандарда жұмыс істеуге қажетті дағдылар мен біліктілікке ие болады.