
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Cardiff University Kazakhstan провосты Филип Стивенспен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылап, Кардифф университетінің Қазақстандағы филиалы ашылған сәттен бері қол жеткізілген айтарлықтай ілгерілеуді атап өтті. Филиалдың жұмысы екі ел арасындағы академиялық байланыстарды нығайтуға үлес қосып отырғаны және білім беру әлеуеті халықаралық деңгейдегі жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Жасанды интеллект, цифрлық инновациялар және жаңа буын мамандарын даярлау сияқты жоғары технологиялық салаларды дамытуға ерекше назар аударылды. Министр жасанды интеллект курстары жоғары білім берудің міндетті компоненті ретінде енгізілген ауқымды реформаны таныстырды. Cardiff University Kazakhstan оқытушылар мен студенттерге арналған заманауи білім беру платформалары және арнайы цифрлық құралдарды пайдалануды көздейтін OpenAI компаниясымен бірлескен ұлттық пилоттық жобаға қатысуға шақырылды.
Кездесуде биомедицина және биотехнология саласындағы ынтымақтастық жеке бағыт ретінде қарастырылды. Британдық тарапқа заманауи ғылыми зертханалармен жабдықталған жаңа биотехнологиялық орталықтың мүмкіндіктері таныстырылды. Тараптар бірлескен ғылыми жобаларды іске қосу және аймақтағы маңызды биомедициналық зерттеу орталықтарының біріне айнала алатын ғылыми кластердің жұмысына Cardiff University Kazakhstan-ның қатысу перспективаларын талқылады.
Сонымен қатар геология, тау-кен ісі және инженерлік құзыреттерді дамыту мәселелері де қарастырылды. Кардифф университетіне ірі қазақстандық өнеркәсіптік кәсіпорындармен ынтымақтастықты кеңейтіп, бірлескен магистратура бағдарламаларын, тағылымдамалар мен қолданбалы зерттеу жобаларын іске қосу ұсынылды.
Тараптар шетелдік студенттерді тарту және Cardiff University Kazakhstan-ның халықаралық білім беру іс-шараларына, соның ішінде Орталық және Оңтүстік Азия елдеріндегі алдағы көрмелер мен «Study in Kazakhstan» науқандарына қатысу мәселелері бойынша пікір алмасты.
Кездесу қорытындысы бойынша жүзеге асырылып жатқан бастамалар екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін беріп, білім, ғылым және инновация салаларында халықаралық деңгейде дамуға қосымша мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді.