
Бүгін Абай университетінде «Сириус» білім беру орталығының өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуде ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова және университет басшылығы Ресейден келген өкілдермен ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Орталық қызметкерлері білім беру саласындағы тың идеялары мен жобаларын таныстырды.
Кездесу барысында Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова еліміздегі жоғары оқу орындарының шетелдік ынтымақтастығы артып келе жатқанын тілге тиек етті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде үздік шетелдік университеттердің филиалы ашылып, сұранысқа ие мамандар даярлауға кіріскенін жеткізді. Сонымен қатар, еліміздегі университеттердің халықаралық ынтымақтығы жоғары деңгейде екенін атап өтті.
«Сириус» білім беру орталығы басшысының кеңесшісі Александр Львов және «Талант және табыс» білім беру орталығы басшысының орынбасары Кристина Рагузова Абай атындағы ҚазҰПУ-ға арнайы ат басын бұрды. Білім беру саласындағы орталықтың негізгі мақсаты өнер, спорт, жаратылыстану бағытындағы ерекше қабілеттері бар балаларды ерте анықтау және дамыту, кәсіби қолдау. Бұл орталық – 2014 жылдан бері олимпиадалық инфрақұрылым негізінде табысты жұмыс істеп келеді.
– Біздің орталық қаншама дарынды балаларды ерте анықтап, қабілетін дамытуға мән береді. Соған сәйкес, әр баланың өзіндік оқу жоспарын дайындап, тереңдетіп оқытуды көздейді. Орталықта 100-ден астам оқытушы мен жаттықтырушы жұмыс істейді. Абай атындағы ҚазҰПУ-ға серіктестік орнату мақсатында арнайы келдік. Білікті әрі заманауи педагог мамандарды даярлау әрқашан маңызды, – деді «Сириус» білім беру орталығы басшысының кеңесшісі Александр Львов.
Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп университеттің миссиясын, даму бағыттарын және жетістіктеріне тоқталды. Сондай-ақ, педагогика, дарындылық, танымдық даму, жаңа білім беру технологиялары саласындағы бірлескен ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге, тәжірибе алмасуға дайын екенін жеткізді.
– Сапалы педагог маманын даярлау әркез маңызды міндет. Өйткені, мұғалім – ұлтты қалыптастыратын тұлға. Қазіргі жаһандық жаңарулар кезеңінде сұранысқа ие мамандар дайындауға ерекше мән береміз. Баланың бойындағы қабілетіне қарай білім беру әдістемесі бүгінгі таңда өте қажет. Сондықтан, біз әрқашан жаңашыл идеяларға және ынтымақтастық орнатуға дайынбыз, – деді Болат Анапияұлы.
Кездесуден кейін вице-министрлер мен ресейлік қонақтар Жаратылыстану және география факультетінің, Физика және математика факультетінің зертханаларымен танысты. «SMART» аудиториясындағы оқу процесінде IT-технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдануын тамашалады.