ЛУ БАНЬ ШЕБЕРХАНАСЫНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ: ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДА ИНЖИНИРИНГ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

ЛУ БАНЬ ШЕБЕРХАНАСЫНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ: ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДА ИНЖИНИРИНГ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

ЛУ БАНЬ ШЕБЕРХАНАСЫНЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ: ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДА ИНЖИНИРИНГ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Бүгін Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде «SMART Driving Technology» Инжиниринг орталығының ашылуы өтті. Бұл – Қазақстан мен Қытай арасындағы инженерлік білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың негізгі жобасы болып саналатын Лу Бань шеберханасының дамуының жаңа кезеңі.

Лу Бань шеберханасы құрылған сәттен бастап тек оқу алаңы ғана емес, болашақтың автомобиль саласына мамандар даярлауға бағытталған заманауи білім беру және инновациялық орталыққа айналды. Бүгінде мұнда Қазақстаннан және шетелден келген студенттер электромобильдер технологиясын, гибридті күш қондырғыларын, интеллектуалды көлік жүйелерін, жасанды интеллектіні және автономды жүргізу технологияларын меңгереді. «SMART Driving Technology» орталығының ашылуы бұл технологиялық экожүйені одан әрі нығайтып, жаңа буын гибридті және электрлі автомобильдерге, автопилот платформаларына, AR/VR симуляциялық кешендеріне және цифрлық егіздерге қолжетімділікті кеңейтті.

Салтанатты рәсім барысында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова жаңа орталықтың Мемлекет басшысы қойған міндеттерге толық сәйкес келетінін атап өтті:

«Президенттің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» Жолдауында пилотсыз және смарт-көлік технологияларын жедел дамыту қажеттілігі ерекше айтылған. Орталықтың ашылуы – ұлттық технологиялық құзыреттер желісін қалыптастырудағы маңызды қадам. Шығыс Қазақстан мықты инженерлік мектепке ие, ал ШҚТУ білім, ғылым және инновацияны табысты ұштастырып келеді. Бұл орталық болашаққа қажетті құзыреттерді дамытып, елімізге және шетелге қажет жоғары білікті мамандарды даярлауға мүмкіндік береді».

Тяньцзинь кәсіптік университетінің президенті У Цзунбао өз сөзінде жобаның серпінді дамуын ерекше атап өтті.

«Лу Бань шеберханасы Қытай мен Қазақстан ынтымақтастығының жаңа белесі болды. Жобаның бірінші кезеңі 2023 жылы іске қосылды, ал бүгін оның екінші кезеңі жүзе асып жатыр. ШҚТУ индустрияның қажеттіліктерін білім беру үдерісімен терең интеграциялау арқылы жоғары нәтижелер көрсетіп жатыр. Интеллектуалды көлік жүйелері инженерлік орталығы озық автомобиль технологияларын дамытуға және Қазақстан үшін жоғары білікті мамандар даярлауға ықпал етеді», – деді ол.

«SMART Driving Technology» орталығының құрылуы Лу Бань шеберханасының дамуын жаңа деңгейге көтереді. Орталық оқыту мен зерттеулер жүргізетін орын ғана емес, Қазақстандағы алғашқы автомобиль саласы мамандарына арналған сертификаттау орталығын қалыптастырудың негізіне айналады. Бұл елдің кадрлық әлеуетін күшейтіп, көлік инфрақұрылымына озық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.

Орталықтың ашылуы – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, ШҚТУ, халықаралық серіктестер және индустрия өкілдерінің бірлескен еңбегінің нәтижесі. Бұл орталық инженерлік білім беруді нығайтып, интеллектуалды көлік саласының дамуына серпін береді. Сондай-ақ Қазақстанның технологиялық трансформациясына үлес қосатын жаңа буын мамандарын даярлауға жол ашады.