
«Академик А.С.Сағыновтың ғылыми-академиялық мұрасы: сын-қатерлер мен келешек» атты конференция көрнекті ғалым, жоғары техникалық білімнің ұйымдастырушысы және қазақстандық инженерлік мектебінің негізін қалаушылардың бірі Әбілқас Сағыновтың 110 жылдығына орайластырылды.
Конференция инженерлік білім берудегі маңызды мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасуға және академиктің ғылыми мұрасын зерделеуге арналған алаңға айналып, ғалымдарды, жетекші сарапшыларды, тау-кен өнеркәсібі мен ғылыми қауымдастық өкілдерін, ғылым ардагерлерін, университет түлектерін, сондай-ақ еліміздің беделді университеттері мен ғылыми орталықтарының зерттеушілерінің басын қосты.
Социалистік Еңбек Ері, академик, Мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте лауреаты, тау-кен инженері және Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Әбілқас Сағынов Қарағанды тау-кен, кейінірек политехникалық институтын (қазіргі Қарағанды техникалық университеті) 30 жылдан астам уақыт басқарды. Сол жылдары оқу орны елдің жетекші ЖОО-на айналып, Қазақстанның әр өңірінде техникалық білім берудің дамуына елеулі үлес қосты.
Оқу орнының 72 жылдық тарихында оның қабырғасынан шыққан жүз мыңнан астам жоғары білікті маман ғылым, өндіріс, білім беру және мемлекеттік басқару салаларында еңбек етіп, аlma mater-дің мәртебесін көтеріп келеді.
ҚарТУ ректоры Сауле Сагинтаева Әбілқас Сағыновтың тау-кен ісі, жер ғылымдары және инженерлік білім саласындағы бүгінгі ғалымдар мен оқытушылардың жетістіктерінің негізгі іргетасын қалағанын ерекше атап өтті.
«Сол уақыттан бері Қарағанды политехникалық институты қазақстандық өнеркәсіп үшін басты инженерлік кадрлар даярлайтын мектеп ретіндегі маңызды миссиясын атқарып келеді. ҚарТУ ғылым мен білімді дамыта отырып, ел экономикасына және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қызметін жалғастыруда».
Конференцияға қатысқан академиктің немересі Асқар Сағынов жылы естеліктерімен бөлісіп, ғылыми дәстүрлер сабақтастығы мен академик атасының инженерлік білім беруді дамытуға қатысты көзқарастарының өзектілігін атап өтті.
Іс-шара аясында академиктің техникалық білім беру мен ғылымды дамытуға қосқан үлесі, геология және кен пайдаланудың перспективалары, сондай-ақ тау-кен ісіндегі заманауи технологиялар мен инновациялар, цифрландыру, энергетика және өнеркәсіптегі телекоммуникациялар мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар медальдар, ведомстволық төсбелгілер, алғыс хаттар мен құрмет грамоталарын табыстау рәсімі, ғалымның өмірі мен қызметіне арналған энциклопедияның таныстырылымы өтті.