
28 қарашада Алматы қаласында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Жас ғалымдар кеңесі ұйымдастырған «Жас ғылымды дамыту стратегиясы: проблемалардан шешімге дейін» атты Республикалық дөңгелек үстел отырысы өтті. Іс-шараға жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының, өндірістік кәсіпорындардың және корпоративтік сектордың жас ғалымдар кеңестерінің өкілдері қатысты.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысушыларға арнаған бейнеүндеуінде:
«Жас ғалымдар – бұл тек болашақ кадрлық әлеует емес, еліміздің ғылыми жүйесін жаңғыртудың қарқыны мен сапасын айқындайтын стратегиялық ресурс. Министрлік гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру тетіктерін жетілдіріп, жобаларды бағалаудың жаңа әдістемелерін енгізіп, қолданбалы ғылым мен технологияларды трансферлеуді күшейтіп келеді. Басты мақсатымыз – жас қазақстандық ғалымдардың жаһандық ғылыми кеңістікке толыққанды интеграцияланып, халықаралық жобаларға белсенді қатысуын және жаңа технологияларды әлемдік ғылыми орталықтармен тең дәрежеде жасауына жағдай туғызу», – деп атап өтті.
Шара спикерлері ретінде ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Әлия Сембаева, ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Дидар Батрышев, Қазақстан-Британ техникалық университетінің Басқарма төрағасы Маратбек Габдуллин баяндама жасады. Іс-шараға сондай-ақ «ҚазАтомПром» ҰАК» АҚ, «Samruk-Kazyna Ondeu» ЖШС, «QazaqGaz» АҚ, «Тау-Кен Самұрық» АҚ, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «КМГ Инжиниринг» ЖШС сынды компаниялардың өкілдері қатысты.
ҒЖБМ Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Арманбек Өмірғали іс-шараның басты мақсаты еліміздің жас зерттеушілері үшін бірыңғай коммуникациялық алаң қалыптастыру екенін атап өтті. Талқылау барысында қатысушылар тәжірибе алмасып, жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институттарында және өндірістік кәсіпорындарда жас ғалымдар жиі кездесетін жүйелі мәселелерді анықтады. Бұл мәселелерді республикалық деңгейде шешуге бағытталған нақты ұсыныстар әзірленді, сондай-ақ ғылыми қауымдастықты нығайту мен оның тиімділігін арттыруға арналған шаралар айқындалды.
Дөңгелек үстел аясында Жас ғалымдар кеңестерінің белсенді әрі инновациялық жұмысына ынталандыру мақсатында «Үздік тәжірибелер» байқауы өткізілді.