Ғылым және жоғары білім вице-министрі Алматы облысының тұрғындарымен кездесті

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Алматы облысының тұрғындарымен кездесті

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Алматы облысының тұрғындарымен кездесті

Бүгін, 26 қараша күні, Қаскелең қаласындағы SDU University ғимаратында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов Алматы облысының тұрғындарымен кездесіп, ғылым және жоғары білім саласын дамыту мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында вице-министр өңір тұрғындарын ғылым және жоғары білім саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарымен, жүзеге асырылып жатқан реформалармен, жаңа стратегиялық бастамалармен таныстырды. Сондай-ақ Алматы облысындағы ғылыми-зерттеу ұйымдары мен жоғары оқу орындарының даму перспективалары қарастырылды.

Талғат Ешенқұловтың айтуынша, Қазақстанда 2023-2029 жылдарға арналған Жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасы аясында бірқатар жүйелі шаралар қабылданды. Атап айтқанда, тең және қолжетімді білім беру жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында гранттар саны мен стипендия мөлшері арттырылып жатыр, «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі енгізіліп, сараланған гранттар мен жеңілдетілген білім беру несиелері іске асырылады.

Вице-министр еліміздің жоғары оқу орындарының халықаралық бәсекеге қабілеттілігінің артып келе жатқанын атап өтті. QS World University Rankings рейтингінде 21 отандық жоғары оқу орны, ал Times Higher Education рейтингінде 5 университет ұсынылған. Сонымен қатар Назарбаев Университеті алғаш рет әлемдік ТОП-500 қатарына енді.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – отандық жоғары білім беру жүйесінің әлеуетін арттыруға, білім трансферін қамтамасыз етуге, үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуге, сондай-ақ шетелдік студенттер үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бүгінде елімізде 40 стратегиялық серіктестік бар, оның 33-і әртүрлі модель бойынша жұмыс істеп жатыр», – деді Талғат Ілиясұлы.

Вице-министрдің айтуынша, бұл серіктестіктер өңірлердің сұранысына сай білікті әрі бәсекеге қабілетті кадрлар даярлауға ғана емес, жоғары оқу орындарының кадрлық және ғылыми әлеуетін нығайтуға, технологиялар трансферін, соның ішінде ғылыми технологиялар мен инновацияларды тартуға жол ашады.

Кездесу барысында азаматтардың ұсыныстары мен сұрақтары тыңдалып, саладағы түрлі мәселелер бойынша тиімді кері байланыс орнатылды.

Іс-шара қорытындысында вице-министр бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізіп, азаматтарды жеке қабылдады.