
Бүгін, 26 қараша күні, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Өзбекстан Республикасының Шыршық қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университеті филиалының жұмысымен танысып, Халықаралық студенттер күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысты.
Іс-шараға сондай-ақ Өзбекстан Республикасының Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрлігінің Жоғары білім жүйесі кадрларын қайта даярлау және біліктілігін арттыру институтының директоры Узокбой Бегимкулов, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Басқарма төрағасы-ректор Дархан Ахмед-Заки, Ташкент химия-технология институтының ректоры Ботир Усманов, «Шыршық» химия-индустриялық технопаркінің директоры Жасур Мухамедов және қазақстандық университеттердің бірқатар ректорлары қатысты.
Бағдарлама Қазақстан мен Өзбекстан жоғары оқу орындары арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға, академиялық алмасуды кеңейтуге, ғылыми байланыстарды дамытуға және жаңа білім беру бастамаларын қалыптастыруға бағытталған. Екі ел жастары арасындағы достықты нығайту және бірлескен инновациялық жобаларды ілгерілетуге ерекше назар аударылды.
Іс-шара барысында тараптар Қазақстан мен Өзбекстан жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын, академиялық мобильдік, цифрландыру және инновациялар саласындағы тәжірибе алмасуды, университеттер мен өнеркәсіптік кәсіпорындар арасындағы байланыстарды нығайту мәселелерін талқылап, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми бастамаларды таныстырды. Сонымен қатар екі ел жастарының достығын бейнелейтін мәдени бағдарлама ұйымдастырылды. Бұл оқиға халықаралық әріптестікті дамыту, білім сапасын арттыру және екі ел студенттері үшін жаңа мүмкіндіктерді кеңейту жолындағы маңызды қадам болды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі бастаған делегация бірқатар оқу аудиториялары мен зертханаларда өтіп жатқан білім беру үдерісімен жан-жақты танысты. Делегация мүшелері университеттің құқықтану бағыты бойынша арнайы жабдықталған оқу-сот залына кіріп, жас мамандардың кәсіби дағдыларды меңгеру деңгейіне жоғары баға берді. Сонымен қатар ақпараттық технологиялар бағыты бойынша робототехника, бағдарламалау және цифрлық инженерия кабинеттерінде болып, студенттердің IT-жобаларымен танысты.
Министр Саясат Нұрбек өз сөзінде:
«М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Шыршық қаласындағы филиалында оқу үдерісін модернизациялау, цифрлық инфрақұрылымды нығайту және тәжірибеге бағытталған білім беруді дамыту қарқынды жүзеге асырылып жатқанын ерекше атап өткім келеді. Филиалдың аймақтық заманауи білім беру кеңістігін дамытудағы стратегиялық маңызы зор», – деп атап өтіп, университеттің оқыту сапасын арттыруға және ғылыми ортаны кеңейтуге бағытталған бастамаларға қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Шара аясында 1 курс студенттеріне студенттік билеттерді табыстау салтанатты рәсімі өтті. Іс-шара аяқталғаннан кейін министр қазақстандық филиалдың студенттеріне арнайы дәріс оқыды.
Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің қатысуымен Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Шыршық қаласындағы филиалының, сондай-ақ «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты» Ұлттық зерттеу университетінің Алматы қаласындағы филиалының ресми ашылу салтанаты өткен болатын.