СЕНАТ ТӨРАҒАСЫ BUKETOV UNIVERSITY ҒЫЛЫМИ ӘЛЕУЕТІМЕН ТАНЫСТЫ

СЕНАТ ТӨРАҒАСЫ BUKETOV UNIVERSITY ҒЫЛЫМИ ӘЛЕУЕТІМЕН ТАНЫСТЫ

СЕНАТ ТӨРАҒАСЫ BUKETOV UNIVERSITY ҒЫЛЫМИ ӘЛЕУЕТІМЕН ТАНЫСТЫ

25 қарашада ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетіндегі Ж.Ақылбаев атындағы технопарктің қызметімен танысты.

Сенат Төрағасы ғылыми әзірлемелерді дамыту мен коммерцияландыру үшін құрылған ғылыми-білім беру және инновациялық кешенді ғылыми идеяларды тәжірибеден өткізіп, нақты өнімге айналдыруға мүмкіндік беретін заманауи алаң ретінде жоғары бағалады. Мәулен Әшімбаев алдымен «Жаңартылатын энергия көздері» зертханасына барып, жас ғалымдардың күн, жел және басқа да баламалы энергия көздерін тиімді пайдалану бағытындағы озық жобаларын көрді. Сондай-ақ Химиялық мәселелерді зерттеу ғылыми институты мен сутегін өндіру және сақтау зертханасын аралап, аталған бағыттағы жаңашыл ғылыми ізденістерге ерекше назар аударды.

Университет ғалымдары 2025 жылға жоспарланған үздік ғылыми жобаларын ұсынды. Физика-техникалық, Химия, Биология-география және Заң факультеттерінің зерттеушілері жасанды интеллектіні пайдалана отырып әзірлеген экологиялық, қолданбалы және зерттеу бағытындағы жұмыстарын көрсетті.

Сенат Төрағасының ерекше назарын аударған жобалардың қатарында «Цифрлық трансформация жағдайындағы Қазақстан қоғамы: мүмкіндіктер мен тәуекелдер», «Жасанды интеллект көмегімен қатерлі ісіктердің предикторларын анықтау үшін оптикалық спектроскопиялық әдістерді дамыту» және «Жасанды интеллект арқылы Қазақстан тұрғындарына әділетті қолжетімділікті қамтамасыз етудің инновациялық тәсілдері» жобалары болды.

Айта кетейік, технопарк базасында студенттер, магистранттар және PhD докторанттары заманауи жабдықтарда білім алып, сондай-ақ ғылыми-зерттеу тәжірибесін өткізіп, ғылыми жобаларын жүзеге асырады. Технопарктің ашылуы ғалымдардың инновациялық және қолданбалы зерттеулерін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін маңызды алаң қалыптастыруға жол ашты.