
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 25-26 қараша күндері Ташкент қаласында (Өзбекстан) өтіп жатқан QS Eurasia Forum 2025 «Broadening horizons: Building global bridges in higher education» халықаралық форумына қатысты.
Өзбекстан Республикасының Жоғары білім, ғылым және инновациялар министрлігі Central Asian University-мен бірлесіп, QS Quacquarelli Symonds қолдауымен ұйымдастырған бұл шара Орталық Азия, Еуропа және Азия елдерінің жетекші сарапшыларын, жоғары оқу орындары мен мемлекеттік органдар өкілдерін жинады. Форум аймақтағы жоғары білім беру саласының трендтері, сын-қатерлері және даму перспективаларын талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
Саясат Нұрбек форумның негізгі спикері ретінде сөз сөйлеп, жоғары білімнің жаһандық экожүйесіндегі Еуразияның рөлі туралы баяндама жасады. Министр академиялық ұтқырлықтың, трансұлттық білім беру бағдарламаларының маңызына және кадр даярлауда инновацияларды енгізудің өзектілігіне тоқталды. Сондай-ақ ол жоғары білімнің өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсері мен халықаралық білім беру байланыстарын нығайтудың маңызын атап өтті.
Форумға Қазақстаннан 15 жоғары оқу орны қатысып, өздерінің білім беру бағдарламаларын, ғылыми бастамаларын және халықаралық серіктестікке қатысты тәжірибелерін ұсынды.
Сонымен қатар төрт елдің министрлері мен Quacquarelli Symonds президенті және директорлар кеңесінің төрағасы Нунцио Квакварелли арасында кездесу өтті. Кездесу барысында жоғары білімді дамыту, еңбек нарығындағы өзгерістер жағдайында түлектерді жұмыспен қамтуға даярлау, сондай-ақ тұрақты дамуды қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Форум аясында министр бірқатар маңызды тұлғалармен екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Әзербайжан Республикасының Ғылым және білім министрі Эмин Амруллаев, QS президенті Nunzio Quacquarelli, Central Asian University ректоры Камран Гуламовпен, ММХҚИ Ташкент филиалының ректоры Абдужаппар Абдувахитовпен кездесулер өтті.
Кездесулер барысында тараптар халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен білім беру және зерттеу жобаларын дамыту, сондай-ақ аймақтағы жоғары білім сапасын арттыру мәселелерін талқылады.
Бұдан бөлек, Өзбекстан Республикасының министрлер кабинеті жанындағы «Эль-Юрт умиди» қорының өкілдерімен кездесу өтті. Өзбекстан тарапы «Болашақ» бағдарламасын іске асырудағы Қазақстанның бірегей әрі маңызды тәжірибесін атап өтіп, оны тереңірек зерделеуге жоғары қызығушылық білдірді.