
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Aerial Solutions/Drone Pilot Academy компаниясы стратегиялық меморандумға қол қойды. Бұл құжат ұшқышсыз авиация және геоақпараттандыру саласындағы жаңа ынтымақтастық бағытын ашып, ортақ жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.
Меморандумға қол қою екі тарап үшін маңызды кезең саналады. Университет пен өндірістік серіктес білім беру, ғылыми зерттеу және өндірістік тәжірибені біріктіре отырып, халықаралық стандарттарға негізделген және саланың нақты қажеттіліктеріне бағытталған бірлескен экожүйе қалыптастырады.
Студенттер серіктес алаңында практикадан өтіп, заманауи дрон технологияларымен жұмыс істеуге мүмкіндік алады. Олар аэрофототүсірілім жүргізу, деректерді өңдеу әдістерін меңгереді және ұшқышсыз ұшатын аппараттарды экология, ауыл шаруашылығы, геоинформатика (GIS) секілді салаларда қолдану бойынша дағдыларды жетілдіреді.
Келісімнің басты артықшылығы – теориялық білім мен практикалық тәжірибені үйлестіру. Әріптестік студенттердің кәсіби дағдыларын тереңдетуге, оқу бағдарламаларын өндірістік талаптарға бейімдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жобаларды дамытуға жол ашылады. Мамандарды даярлау жүйесіне ҰҰА операторлары мен инженерлеріне арналған кәсіби стандарттар енгізіледі.
Бұл тәсіл цифрлық трансформация жағдайында жұмыс істей алатын, қашықтан зондтау технологияларын меңгерген жаңа буын жоғары білікті мамандарын даярлауды қамтамасыз етеді.
ҚазҰУ үшін бұл серіктестік – инновациялық инфрақұрылымды дамыту мен Қазақстанның цифрлық экономикасына кадрлар даярлауға бағытталған ұзақ мерзімді стратегияның маңызды бөлігі. Меморандум университеттің дрон-технологиялар, геоинформатика және аэрофототүсірілім саласындағы жетекші білім беру және ғылыми орталық ретіндегі позициясын одан әрі күшейтеді.