
Қозыбаев университетінде жасанды интеллектті дамыту және аймақтық экожүйелерді қалыптастыру мәселелерін талқылау мақсатында ірі кәсіпорындардың басшылары қатысқан кездесу өтті. Шараға мемлекеттік органдардың, бизнес құрылымдардың, ғылыми орта мен IT қауымдастығының өкілдері қатысты. Мұндай форматтағы кездесулер өзекті идеялармен алмасуға, ғылыми-технологиялық шешімдерді талап ететін мәселелер бойынша тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы заманауи жаһандық талаптарға сай технологиялар әзірлей алатын отандық инженерлердің, зерттеушілердің және кәсіпкерлердің жаңа буынын дайындау маңызды міндет екенін атап өткен болатын.
«Биыл шамамен 160 студент IT мамандығы бойынша оқуын аяқтайды. Оның ішінде 20 студент қос дипломды бағдарламалармен қамтылған және қазір Аризонада білім алады. Сонымен қатар біз дуалды оқыту аясында студенттерді кәсіпорындарға жіберіп, тәжірибеге бағытталған оқытуды, жұмыспен қамтуды, студенттерге жалақы беру және ұйымдарда зерттеу жобаларын әзірлеуді қамтамасыз етеміз», – деді Басқарма Төрағасы-Ректор Ербол Исақаев.
Университет дипломдық жобалардың бағытын жасанды интеллектті пайдалану арқылы аймақтық қажеттіліктерді шешуге қайта бағдарлады. Мәселен, Raduga KDR кәсіпорнымен бірлескен жоба машиналық оқытуды қолдана отырып, өндірістік деректер негізінде өнім ақауларын автоматты түрде анықтау жүйесін әзірлеуді көздейді. Бұл бастама студенттердің талдау және автоматтандыру дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Қозыбаев университеті AI-Sana бағдарламасын енгізу арқылы жергілікті жасанды интеллект экожүйесінің негізін қалыптастырып келеді.
«Біздің университет еліміз бойынша алғашқы болып Huawei, Astana Hub және Coursera платформаларындағы жасанды интеллект курстарын толық аяқтап, барлық студенттеріміз ЖИ негіздерін меңгерді», – деп атап өтті Жасанды интеллект және цифрлық трансформация орталығы директорының м.а. Гүлнара Ким.
AI-Sana бағдарламасы аясында университет білім беру, экономика және әлеуметтік салаларды дамытуға бағытталған жасанды интеллект агенттерін әзірледі:
✔ қаржы ұйымдарындағы алаяқтықты анықтауға арналған бағалау моделі;
✔ CheckDoc – пациенттерді қолдау және алдын ала диагностикалау сервисі;
✔ сыбайлас жемқорлыққа қарсы бот – сәйкестік функцияларын орындайды;
✔ қоғамдық көлік бағыттарын оңтайландыру агенті;
✔ «УниЭксперт» – университеттің нормативтік құжаттарымен жұмыс істеу және жедел қол жеткізуді қамтамасыз ететін агент.
Қозыбаев университетінің ЖИ және ЦТ орталығы базасында университет, колледж және мектеп оқушыларына веб-бағдарламалау және нейрондық желілерді интеграциялау дағдыларын үйрететін KU ML School бағдарламасы іске қосылады. Бұл офлайн оқыту форматы қатысушыларға интеллектуалды қосымшалар әзірлеуге мүмкіндік береді.
Кездесу барысында студент-әзірлеушілер өз жобаларын таныстырды. Никон Веремейчик пен Рүстем Иманғазин ЖИ AntiFrod агентін көрсетті, ал Даниал Абуов университетте сәтті енгізілген MyNKU қосымшасына таныстырылым жасады.
Кездесуде бизнес өкілдері өз компанияларының IT саласындағы техникалық қажеттіліктерімен бөлісті. Қатысушылардың ұсыныстары тыңдалып, студенттер үшін құнды тәжірибе алаңы қалыптасты. Аймақтық экожүйелерді дамыту ғылым, бизнес және мемлекеттік басқару арасындағы өзара іс-қимыл арқылы жүзеге асатыны атап өтілді. Бұл өңір үшін жаңа даму бағытын айқындайды.