
21 қараша күні Жезқазған қаласында геология саласының дамуына және еліміздің экономикалық маңызды секторлары үшін білікті кадрлар даярлауға айрықша мәні бар Геология кластерінің ресми ашылуы өтті.
Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков, ҚР Парламентінің депутаттары, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС өкілдері, сондай-ақ саланың жетекші мамандары, университеттердің профессор-оқытушылар құрамы және халықаралық серіктестер қатысты.
Жезқазғанда заманауи кампус салу өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына мықты серпін беріп, жастардың келуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өңірлік әрі халықаралық еңбек нарығында сұранысқа ие жоғары білікті кадрлар даярлауға мүмкіндік жасайды. Геология кластері негізінде геология, минералдық инжиниринг және сабақтас пәндер бойынша мамандар даярлайтын жаңа Ұлытау университетін ашу жоспарланып отыр, бұл заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.
Жобаға сондай-ақ тау-кен ісі мен инженерлік ғылымдар саласындағы әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі – АҚШ-тың Colorado School of Mines оқу орны да тартылуда. Әлемдік деңгейдегі осы білім ордасының қатысуы озық халықаралық тәжірибелерді енгізуге, бірлескен ғылыми-зерттеу бастамаларын дамытуға және жаһандық экономиканың талаптарына жауап беретін мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Осылайша, жоба білім беру, ғылыми және экономикалық әлеуетті біріктіре отырып, өңірдің дамуы үшін берік негіз қалайды.
Бұл үздік халықаралық білім беру тәжірибелерін интеграциялауға, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруға және жаһандық деңгейде бәсекеге қабілетті кадрлар даярлауға жол ашады.
Кездесу барысында Ұлытау университетін құру жобасын іске асыру шеңберінде Министрлік пен «Қазақмыс корпорациясы» арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.