
ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова Қозыбаев университетінің студенттерімен кездесті. Кездесуге «Серпін» бағдарламасының студенттері, Аризона университетімен бірлескен қос диплом бағдарламалары бойынша білім алып жатқан студенттер, сондай-ақ Қытайдан академиялық ұтқырлық аясында келген шетелдік студенттер қатысты.
Семестр бойы 29 қытайлық студент Агротехнологиялық факультетте білім алып, СҚО ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында тәжірибелік дағдыларын жетілдірді. Бұл мүмкіндік Қозыбаев университетінің ҚХР-дың Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетімен тығыз ынтымақтастығының нәтижесінде жүзеге асты. Серіктестікке 8 жыл толды.
«Биылғы оқу жылында Қозыбаев университетінің алғашқы бірлескен білім беру бағдарламаларының түлектері оқуын аяқтайды. Жоба одан әрі ауқымды болады деп үміттенемін. Басқа бағыттар бойынша да серіктестік дамып жатыр. Қытайлық серіктестермен ынтымақтастық ілгерілеп келеді. Алты ай ішінде ҚХР студенттері құнды тәжірибе алды. Қазақстан халықаралық студенттердің қызығушылығын арттырып отыр», – деді Гүлзат Көбенова.
Сапар барысында вице-министр университеттің инфрақұрылымымен, заманауи зертханалық кешенімен және ғалымдардың зерттеу жобаларымен танысты. Қазіргі таңда ЖОО-да 20 ғылыми жоба жүзеге асырылады. Оның ішінде Аризона университетімен бірлескен еліміз үшін маңызды бағыттар қамтылған: күкіртті полимерлеу, фермерлерді жоғары сапалы отандық тұқымдармен (бидай және күріш) қамтамасыз ету, биологиялық түрлерді сақтау (Грейг қызғалдағы, Каспий итбалығы), сондай-ақ ұлттық қазыналардың геномикасы.
Қытайдың Солтүстік-Батыс ауыл және орман шаруашылығы университетімен бірлесіп мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы жануарларының геномдық селекциясы, суды тазарту және суару жобалары іске асырылып жатыр. Барлық ғылыми бағыттар СҚО ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен серіктестікте жүргізіледі және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі мен су ресурстарын қамтамасыз ету мәселелерін шешуге бағытталған.
Қозыбаев университетінде өңірдің аграрлық және техникалық кәсіпорындарымен кең ауқымды серіктестік орнатылған. Бірлескен ғылыми жұмыстардан бөлек, кадр даярлау, дуалды оқыту бағдарламалары жүзеге асырылады, индустриялық докторантура іске қосылған. СҚО-ның барлық ірі зауыттары, компаниялары және ұйымдарымен меморандумдар жасалған.
Осы орайда Гүлзат Көбенова университеттегі бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне қатысты. Шараға 500-ге жуық студент пен 30-дан аса жұмыс беруші қатысты. Үйлесімді жұмыстың арқасында университет түлектерді жұмысқа орналастырудың жоғары көрсеткішіне қол жеткізді – бүгінде бұл деңгей 81% құрайды.
Кездесудің келесі бөлімінде вице-министр Түркия, Италия және Польшадан келген шетелдік профессорлармен, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының зиялы қауымымен кездесті.