
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары тұқымдарды биоыдырайтын түрлендірілген полимерлермен қаптап, ауыл шаруашылығында суды үнемдеудің тиімді тәсілін әзірледі.
Зерттеу барысында мамандар ауыл шаруашылығы және жеміс-жидек дақылдарының тұқымдарын өңдеу үшін полимерлі гидрогельдерді, сазды, күріш қауызының күлі және крахмал ерітіндісін қолданған. Зерттеу нәтижелері қапталған тұқымдардың кәдімгі тұқымдарға қарағанда әлдеқайда жақсы өсетінін көрсетті. Ғалымдар мұндай тұқымдардың 7-8 күн ішінде көктеп, жапырақтарының қалың әрі қуатты болатынын байқаған.
Сонымен қатар қапталған тұқымдар суды көп мөлшерде ұстап тұра алады. Осыған байланысты оларды жиі суару қажет емес – аптасына бір рет суару жеткілікті. Жоба жетекшісінің айтуынша, бұл әдіс ауыл шаруашылығында су ресурстарын үнемдеудің тиімді тетігі бола алады.
«Тұқым жерге себілген кезде олардың өсіп шықпауына көптеген факторлар әсер етуі мүмкін. Атап айтқанда, жәндіктердің зақымдауы, күйзеліс немесе құрғақшылық. Біз әзірлеген ғылыми әдіс осы мәселелердің алдын алуға мүмкіндік береді. Ғылыми топ рапс, қызанақ және қант қызылшасының тұқымдарына зерттеу жүргізді. Арнайы құрылғының көмегімен тұқымдарды саз балшық, полимерлі гидрогельдер, күріш қауызының күлі және крахмал ерітіндісімен қаптадық. Мұндай инновациялық жоба Қазақстанда бұрын жүзеге аспаған. Демек, біз бұл істі алғашқылардың бірі болып қолға алып отырмыз», – дейді жоба жетекшісі, қауымдастырылған профессор Райхан Рахметуллаева.
Бүгінде ҚазҰУ ғалымдары жоба бойынша патент алып, жоғары рейтингі бар халықаралық журналдарда мақалалар жариялаған. Жобаға 10-нан астам ғалым қатысып жатыр.