Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде Павлодар, Ақсу, Баянауыл және Железин аудандарынан келген педагогикалық бағытты таңдаған мектеп оқушылары үшін Ашық есік күні өтті. Іс-шараға педагогикалық сыныптарда білім алатын оқушылар, мұғалімдер, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттер, сондай-ақ білім беруді дамыту орталығының әдіскерлері қатысты.
Университет ректоры Ержан Әмірбекұлы педагогикалық сыныптар жобасының жастардың ерте кәсіби бағдарлануында маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Педагогикалық сыныптар» жобасының негізгі мақсаты – мұғалім мамандығының тартымдылығын арттыру. Біз балаларды тек университетпен таныстырып қана қоймаймыз. Болашақта мұғалімдікке сенімді қадам жасауға бағыт беретін жолды көрсетеміз. Көптеген түлектеріміз болашақта дәл осы университетте оқуын жалғастырады деп сенеміз. Басты міндетіміз – ел дамуына үлес қосатын жауапты, саналы азаматтарды тәрбиелеу», – деді ол.
Шара барысында педагогикалық сыныпты аяқтап, бүгінде университетте білім алып жатқан студенттер өздерінің тәжірибесімен бөлісті. «Тарих және ағылшын тілі» мамандығының екінші курс студенті Құдайберген Вовкаұлы мұғалім болу арманы бірінші сыныптан басталғанын және жоба іске қосылғанда тестілеуден алғашқылардың бірі болып өткенін айтты.
8-сыныптан бастап педсыныпта оқыған Елнар Ахметов биология мен география пәндері бойынша олимпиадаларға белсенді қатысқанын жеткізді. Бүгінде ол университеттің «Биология» мамандығында білім алып жүр. Елнардың айтуынша, педагогикалық сынып жобасы оның болашақ мамандығын таңдауға көмектескен.
Шара аясында оқушылар студенттік өмірдің түрлі бағыттарымен танысып, MUza шығармашылық академиясының, студенттік театр мен студенттік парламенттің жұмысын көрді. Сонымен қатар олар дебат алаңында «Ұлттық Style» шығармашылық кеңістігіне қатысып, «SCAFFOLD: кәсіби тұлғаны дамытудың жаңа формуласы» атты презентацияны тамашалады.
Педагогикалық сынып алғаш рет 2021 жылы Майқайың кентіндегі М.Әуезов атындағы орта мектепте ашылды. Кейін бастама Павлодар қаласындағы №2 мектепте жалғасын тауып, оған Железин ауданы мен Ақсу қаласы қосылды. Бүгінде жобаға 70-тен астам оқушы қатысады. Әр мектепте жауапты педагогтар бекітіліп, университет тарапынан семинарлар, тренингтер және кездесулер өткізіліп келеді. 8-11 сынып оқушылары арасынан педагогикалық мамандыққа ерекше ынтасы бар балалар іріктеліп, олармен жеке жұмыс жүргізіледі.