Қазақстан ASEM алаңында өңірлік көшбасшы ретіндегі орнын нығайтады: Астанада Орталық Азия өңірлік орталығы құрылады

Қазақстан ASEM алаңында өңірлік көшбасшы ретіндегі орнын нығайтады: Астанада Орталық Азия өңірлік орталығы құрылады

Қазақстан ASEM алаңында өңірлік көшбасшы ретіндегі орнын нығайтады: Астанада Орталық Азия өңірлік орталығы құрылады

18-19 қараша күндері Бухарестте (Румыния) Еуропа мен Азия елдерінің өкілдері, Еуропалық Одақ және АСЕАН Хатшылығы қатысқан Азиаттық-Еуропалық кездесу (ASEM) білім беру саласының басым өкілдері деңгейіндегі алғашқы кеңесі (ASEM SOM1) өтті.

Іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі атынан Ұлттық жоғары білім беру орталығы директорының міндетін атқарушы Әлібек Мәдібеков қатысты. Ол Қазақстанның үздіксіз білім беруді дамыту, микробіліктіліктерді енгізу, цифрлық трансформация және білім беру бағдарламаларын жаңғырту жөніндегі ұлттық тәжірибесі, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты кеңейту бағытындағы еліміздің жұмысы туралы баяндама жасады.

ASEM – Еуропа мен Азия елдері арасындағы ынтымақтастықтың ең ірі өңіраралық платформасы. Оның білім беру бағыты академиялық ұтқырлықты дамытуға, біліктіліктерді тануға және ұлттық білім беру жүйелерін жетілдіруге бағытталған. Бұл архитектурада ASEM Lifelong Learning Hub (ASEM LLL Hub) ерекше орын алады – 2004 жылы құрылған университеттер, зерттеу орталықтары және мемлекеттік құрылымдардың ресми желісі. Хаб екі өңірдің сарапшылары мен ұйымдарын біріктіріп, дәлелді білім беру саясатын дамытуға, зерттеулер жүргізуге және үздіксіз білім беру саласындағы озық тәжірибелерді таратуға ықпал етеді.

Кеңес барысында ASEM LLL Hub төрағалығын Ирландиядан Таиланд Корольдігіне ресми түрде беру рәсімі өтті. Таиланд хатшылықты Бангкок қаласындағы Чулалонгкорн университетінде орналастыратын болады. Бұл шешім Хаб дамуының жаңа кезеңін бастап, оның Азия өңіріндегі қызметінің кеңеюін білдірді.

Сонымен қатар ASEM LLL Hub желісінің құрылымдық кеңеюі жарияланды. Оның аясында Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті базасында Орталық Азия өңірлік орталығы құрылмақ. Жаңа орталық зерттеу жобаларын үйлестіру, микробіліктіліктерді дамыту, Орталық Азия университеттерінің Еуропа және Азия әріптестерімен ынтымақтастығын нығайту, сондай-ақ өңірде үздіксіз білім беру саясатын ілгерілету платформасына айналады. Орталықтың құрылуы Қазақстанның халықаралық білім беру бастамаларындағы маңызды рөлін айқындай түсіп, елдің өңірлік көшбасшы ретіндегі позициясын күшейтеді.

Қазақстанның SOM1 жұмысына қатысуы және ASEM LLL Hub-тың Орталық Азия өңірлік орталығын құруы елімізге зерттеу әлеуетін арттыру, болашақ дағдыларын дамыту, халықаралық әріптестік аясын кеңейту және жаһандық білім беру күн тәртібін қалыптастыруға қосатын үлесін нығайту бағытында қосымша мүмкіндіктер ашады.